Семинар барысында көгалдандыру жұмыстарының қазіргі ахуалы, елді мекендердегі ағаш өсірудің проблемалары сараланды.
Арыс қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Арыс қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес елді мекендерді көгалдандыру, тұқымбақтарды дамыту, шегірткемен күресу және сасық кеурек өсімдігін қазу жұмыстарына тоқтау салу бағытында семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, Табиғат қорғау полициясының қызметкерлері, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің басшылары, көгалдандыру мекемелерінің өкілдері, аудандық аумақтық инспекция басшылары, республикалық, облыстық орман мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ «мамандандырылған «Қорған» жедел қызметінің аудандық мемлекеттік инспекторлары қатысты.
Семинар барысында көгалдандыру жұмыстарының қазіргі ахуалы, елді мекендердегі ағаш өсірудің проблемалары сараланды. Сондай-ақ сасық кеурек, мия өсімдігін қазуды тоқтату жайы талқыланды. Жауаптылар ағаш көшеттерінің өну деңгейін арттыру, аса қауіпті зиянкестер мен жергілікті шегірткелерге қарсы биылғы химиялық өңдеу жұмыстарын қорытындылау, 2026 жылға таралу аумақтарын нақтылау бойынша баяндама жасады. Жиынға қатысушылар ойларын ортаға салып, өз ара пікір алмасты.
Облыс әкімінің орынбасары басқарма басшыларына семинар-кеңесте көтерілген мәселелерді заң аясында зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
– Бүгінгі таңда көгалдандырумен қатар табиғатты қорғау мәселесі де өзекті. Табиғатты пайдаланудың өз талабы мен ережелері бар. Олардың сақталуын қамтамасыз етуде құзырлы мекемелермен бірге жұмыс атқару маңызды, – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.