ТҮРКІСТАН: Арыстық азаматтар тасаттық берді

0
813

21 отбасыға азық-түлік және қаржылай көмек үлестірілді.


ТҮРКІСТАН: Арыстық азаматтар тасаттық берді

Арыс қаласының белсенді азаматтары тасаттық берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласының белсенді азаматтары, ауыл ақсақалдары мен қала тұрғындары бірлесіп, Бершін әулие ескі қорымында тасаттық берді. Жиналған қауым әуелі марқұм жандардың рухына Құран бағыштады. Арнайы ас дайындалып, қазыналы қарттар елдің амандығын сұрады. Ақсақалдар сауабы мол шарада жамағатты сабырлыққа, қайырымдылыққа, шыдамдылыққа шақыратын уағыздар айтып, қасиетті тасаттық садақасының қадір-қасиеті жайында ой қозғады. Осы ретте, Арыс қаласының бас имамы Қажымұхан Қазыбаев Жаратушыдан ауа райының қолайлылығын, жаңбыр жаууын, елдің тыныштығын, әр шаңырақтың амандығын сұрап, дұға етті.


Аталған іс-шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен әкім орынбасары Ерлан Есқараев және әкімдіктің сала мамандары қатысып, жұрттың мұң-мұқтажы мен ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, жиын аясында алдағы уақытта қала әкімдігі тарапынан іске асырылуы тиіс жоспар-жобалар туралы да баяндалды.


Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен егін шаруашылығында суды үнемді әрі тиімді пайдалану, арық-атыздарды тазалау мен су каналдарын жөндеу сынды мәселелер қозғалды.


«Қайырымы мол шаралар бастау ала берсін! Ойлаған жоспарларымыз іске асып, мұратымыз асыл болсын! Арыстық тұрғындардың бірлігін көріп сүйсінемін. Қаламыздың өсіп-өркендеуі, оның жасыл қалаға айналуы осындай бірлескен берекелі істерде жүзеге асады. Тағылымды істерге бастамашы болып отырған азаматтарға ризашылығымды білдіремін», - деген Гүлжан Мамытқызы осындай игілікті іске демеуші барша азаматтарға алғыс білдірді.


Іс-шара соңында ұйымдастырушылар аз қамтылған 21 отбасыға азық-түлік және қаржылай көмек үлестіріп, ел алғысына бөленді.