ТҮРКІСТАН: Арыстық тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

0
394

Бес қабатты, 90 пәтерлі үй иелері кіреберістерін жаңартып, оны ерекше әдемі етіп сырлаған.


ТҮРКІСТАН: Арыстық тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

Арыста көпқабатты үй тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, өз үйлерін әрледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Арыс қаласы орталығында орналасқан Әбдіразақов көшесінің №49 көпқабатты үй тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, өз аулаларына, кіреберістеріне абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Тұрғындар бірлесіп үйдің кіреберістерін, есіктерін әсемдеп, сырлап, қабырғаларды әктеп, ауланы жасыл желекке толтырып, күтіп-баптап отыруды дәстүрге айналдырған.


Бес қабатты, 90 пәтерлі үй иелері кіреберістерін жаңартып, оны ерекше әдемі етіп сырлаған. Есіктер мен қабырғалар түрлі түсті бояулармен әрленді, бұл үйдің кіреберісін сәнді және жайлы етеді. Жаңартылған әрлеу жұмыстары тұрғындар мен қонақтарға таза және жағымды орта сыйлайды.


Бұдан бөлек, тұрғындар ауласында ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізген. Көктемде шыбық боп отырғызылған дарақтар бүгінде өсіп, аулаға ерекше көрік беріп тұр. Тұрғындар ағаштарды өздері күтіп-баптап, суарып, олардың жақсы өсуіне қамқорлық жасауды да қолға алған. Осы арқылы экологиялық жағдайды жақсартып, ауаның тазалығына өз үлестерін қосуды мақсат еткен.


Игі шараның басы-қасында жүрген аталған тұрғын үй төрайымы Наталья Соловьева жастарды тазалыққа баулудың маңызды екенін атап өтті.


«Туған қаламызды және өз үйімізді таза ұстау – әрбіріміздің міндетіміз. Жастарды осындай игі істерге тартып, оларға тазалықтың маңызын түсіндіру арқылы біз болашақ ұрпаққа таза және жайлы орта қалдырамыз», дейді ол.


Жалпы, Әбдіразақов №49 үй тұрғындары үшін абаттандыру жұмыстары жыл сайынғы дәстүрге айналған. Әр жыл сайын олар өз үйлерін көріктендіру және қоршаған ортаны жақсарту үшін бірлесе еңбек етеді. Өткен жылы қалада дәстүрлі түрде өткізілетін «Үлгілі үй» байқауында «Үлгілі аула» номинациясын жеңіп алған тұрғындар биыл да қатысуға ниетті.


Мұндай тазалық шарасы ауланы ғана емес, тұрғындардың бірлігін де нығайтатыны анық. Таза аула тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеріп, балалардың қауіпсіз ойнайтын орнын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тазалық шарасы қоршаған ортаны жақсартуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.