ТҮРКІСТАН: Автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары күшейтілді

0
86

2025-2026 жылдардағы қысқы мерзімде облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін уақтылы қардан тазалауға жалпы 330 техника, 1155 жұмысшы жұмылдырылады.


ТҮРКІСТАН: Автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары күшейтілді

Түркістан облысындағы автомобиль жолдарында қысқы кезеңдегі күтіп ұстау жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы – 17 692 шақырым. 2025-2026 жылдардағы қысқы мерзімде облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін уақтылы қардан тазалауға жалпы 330 техника, 1155 жұмысшы жұмылдырылады. Сондай-ақ көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 10 151 текше метр құм және 2278 тонна тұз жинақталды. Техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай (бензин, дизель) отынымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 178,6 тонна дизель, 44,1 тонна бензин отынына жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалынған. Жолдардың қысқы маусымдағы жағдайы, күтіп ұстау бағытындағы жұмыстары облыс әкімдігінде талқыланып, өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.


– Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының қысқы мерзімге дайындығын бақылауда ұстап, қосымша техника мен жұмыс күшін тартып, инертті материалдар мен жанар-жағармайдың резервтік қорын ұлғайту керек. Кемшілікке жол берілмеуі тиіс. Басты мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігін нығайтып, адам өмірін сақтап қалу. Қысқы маусымда барлық деңгейдегі автомобиль жолдарының бойында атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітіліп, асулар мен қауіпті учаскелерде дайындық жоғары деңгейде болғаны жөн. Қауіпті учаскелерге тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіп, жолдардың қардан уақтылы тазаруын бақылауда ұстауды тапсырамын. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде іске асырылмаған жағдайда басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдерінің тәртіптік жауапкершіліктері қаралатындығын ескертемін, – деген Нұралхан Көшеров облыстағы апатты жағдайдағы көпірлерді жедел зерделеп, жөндеуді, республикалық маңызы бар жолдардан мал өтетін арнайы өткелдер ашуды тапсырды.


Мәжілісте «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаев пен Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жуматаевтың есептері тыңдалды. Олардың айтуынша, арнаулы мекемелер ауа райының қолайсыздығына дайын әрі жолдардың жай-күйі тұрақты бақылауда. Ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданында Ащысай,Таскөмірсай жылыту бекеттері бар. Жылыту бекеттері көмірмен қамтамасыз етілген. Олар бір мезгілде 40 адамды қабылдауға қауқарлы, яғни, төсек-орынмен және азық-түлікпен толығымен қамтылып отыр.


Республикалық маңызы бар жолдарға келсек, Түркістан облысы аумағында бұл жолдардың жалпы желісі 678 шақырымды құрайды. Аталған жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын орындау үшін облыс аумағында 3 жол пайдалану бөлімшесі (ЖПБ), оның ішінде 12 жол пайдалану пункті (ЖПП) және құм, тұз сақтайтын 2 ірі қойма жұмыс істейді. Автомобиль жолдарын дер кезінде тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін 9600 текше метр құм, 7 мың тонна тұз және 46 тонна химиялық реагенттер әзірленген. Жұмылдырылатын жұмысшылар саны – 140. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп-ұстау жұмыстарына жұмылдырылатын арнайы техникалардың жалпы саны – 69. Биыл 16 ірі техника сатып алу жоспарланған.

Бөлісу