ТҮРКІСТАН: ​«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Ядролық сынақ – мәңгілік жара сыздаған» фото көрмесі ашылды

0
1 222

Шара 29 тамыз - Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күніне орай өтті.


ТҮРКІСТАН: ​«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Ядролық сынақ – мәңгілік жара сыздаған» фото көрмесі ашылды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ядролық сынақ – мәңгілік жара сыздаған» атты фото көрме өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

29 тамыз - Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күніне орай өткен шараға «Семей ядролық сынақ полигоны» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Құралтай Салықбаев, аталған бірлестіктің мүшелері Сәрсенбай Сейсенбеков, Тайыр Нәбиев және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып берді.
«2010 жылдың 29 тамызы – Бейбітшілік пен ядролық қатерді болдырмау үшін аса маңызды. Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қолдауымен бұл күн БҰҰ-ның күнтізбесіне енгізілгені белгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Қазақстан – мұндай қадамға барған алғашқы ел. Көшбасшы бастама дені сау, қайғысыз болашақ үшін жасалған серпінді қадам болып тарихта қалды», - деді Мұрат Мейірбекұлы.
Шараға келген қонақтар да ядросыз бейбіт тіршілік пен әлем алдындағы айшықты қадамдар жайлы пікір білдірді.
Көрмеге ядролық сынақтың қауіп-қатері мен қасіреті, денсаулыққа тигізер зияны туралы 50-ге тарта суреттер қойылды.