ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте «Ауыл live» ұлттық ойындар сайысы өтті

0
123

Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте «Ауыл live» ұлттық ойындар сайысы өтті

Бәйдібекте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен «Ауыл live» ұлттық ойындар сайысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының жастары ұлттық рух пен салт-дәстүрді дәріптеген ерекше сайыста бас қосты. Бәйдібекте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған облыстық «Ауыл live» ұлттық ойындар сайысы өтті.


Сайыстың мақсаты – жастар арасында ұлттық салт-дәстүрлерді, қолөнер мен ұлттық ойындарды дәріптеу, қазақтың бай мәдени мұрасын таныту және ауыл өмірінің құндылығын ұғындыру арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезім қалыптастыру.


Салтанатты ашылу рәсімінде Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов және Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы жастарға сәттілік тіледі.


Сайысқа Түркістан облысының 17 аудан, қаласынан жиналған жастар қатысып, ұлттық ойындар мен өнер сайыстарында бақ сынасты. Ұлдар арасында арқан өру, ағаштан бұйым жасау, асық атудан жарыс ұйымдастырылса, қыздар арасында талқан жасау, таба нан жабу, кесте тігуден жарыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар ақындар айтысы өтті.


Сайыс нәтижесі бойынша командалық есепте Сарыағаш ауданының жастары 1 орынды жеңіп алды. Ордабасылықтар 2 орыннан көрінсе, Созақ ауданының жастары 3 орынды місе тұтты. Ал, ақындар айтысы бойынша Біржанұлы Исламәліге тең келгендер болмады. 2 орынды Маратұлы Аян алса, 3 орын Бақтияр Айшаға бұйырды.


Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.


«Ауыл live» жобасы арқылы жастар халқымыздың ұмыт бола бастаған дәстүрлері мен қолөнерін жаңғыртып, ұлттық сана мен мәдениеттің өркендеуіне үлес қосты.

Бөлісу