ТҮРКІСТАН: Бәйдібектік білімпаздар республикалық сайыстың жеңімпазы атанды

0
827

Олардың барлығы мектепте қызмет етеді.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібектік білімпаздар республикалық сайыстың жеңімпазы атанды

Түркістан облысында өткен республикалық сайыста бәйдібектіктер топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бірер күн бұрын Түркістанда екі күн бойы «AL-FARABI» интеллектуалды сайысы өтті. Көпшілікке танымал қоғам белсендісі Олжас Мамырдың идеясымен іске асырылған бұл жоба өткен жылдары Шымкент қаласы, Келес ауданы мен Түркістан қаласында «Ойдода» деген атаумен демеушілердің қолдауымен ғана ұйымдастырылған.


«Бұған дейін аталған сайысты бірнеше рет өткіздік. Ол кезде қажетті қаржының барлығын өзіміз және демеушілер болып дайындайтынбыз. Ал, биыл Түркістан өңірінің басшылығы, оның ішінде облыс әкімі Дархан Аманкелдіұлы тікелей қолдау көрсетіп, облыстық жастар ресурстық орталығымен бірігіп, республикалық деңгейде өткіздік. Ел жастарының зияткерлік ойындарға деген қызығушылығы өте жоғары. Облыс әкімі алдағы уақытта аталған сайысты халықаралық деңгейде өткізуге қолдау көрсетілетінін айтты. Біз білімді жастарды көбейту жолында қызмет ете бермекпіз», - дейді ол.


Интеллектуалды ортаны қалыптастыру, жастар арасында ораторлық мәдениетті қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған бұл сайысқа Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген 50-ге жуық команда қатысып, жарыста 200-ден астам азамат ақыл-ой сайыстырды. Іріктеу кезеңінде топтар үш-үштен сынға түсіп, үздіктер келесі кезеңге жолдама алып отырды. Осылайша, екінші айналымға өткен 18 команда тағы да өзара жарысып, 9 топ жартылай финалға шықты. Олар жарыстың екінші күні тағы да ақыл-ой бәйгесін жалғастырып, 4 команда ақтық кезеңге жолдама алды. Сонымен бірге, команда капитандары арасында да жекелей сайыс өтті.


Республикалық «AL-FARABI» сайысының финалы Түркістандағы амфитеатрда өткізіліп, ойынның іріктеу кезеңінен қара үзіп шыққан білімгерлер тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Сайыстың ақтық кезеңіне облыс басшысы Дархан Сатыбалды да қатысып, білімпаз азаматтарға сәттілік тіледі. Одан бөлек, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев бастаған әкімдік қызметкерлері де көрермен арасынан бой көрсетті.


«Тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан интеллектуалды сайыс биыл Түркістанда республика көлемінде ұйымдастырылып жатыр. Бұл сайыс Түркістан қаласын «Интеллектуалды қала» ретінде жаңа бағытпен өркендетуге септігін тигізеді. Жастардың арасында зияткер буын қалыптастыру, өзге мемлекеттің жастарымен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Al-Farabi» интеллектуалды сайысын халықаралық деңгейде өткізу қажет деп есептеймін. Президентіміз Үкіметке жас ғалымдарды қолдау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау жөнінде тапсырмалар берген болатын. Демек, қазір елімізде зияткер жастарды қалыптастыру үдерісі қарқын алды деуге негіз бар. Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып, кәсіби маман атанып, мүмкіндіктерді мүлт жібермей еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын», – деді Дархан Аманкелдіұлы сайыс барысында.


Сайыс нәтижесіне сәйкес, төртінші орынды облыс орталығының намысын қорғаған «Key To Life» командасы еншіледі. Екінші орынға Алматыдан келген «Oilike team» командасы ие болып, Шымкент қаласынан келген «Әл-Фараби» командасы үшінші орынды місе тұтты. Ал, білімдері мен жылдамдықтарын дәлелдеп, жүзден жүйрік атанған Бәйдібек ауданының «BBC» командасы бас бәйгені қанжығалап, облыс халқын бір марқайтып тастады. Өз кезегінде жеңімпаздарды марапаттаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды I орын алған командаға 500 000 теңге, II орынға 300 000 теңге және III орын иегерлеріне 200 000 теңге қаржылай сыйлықты табыстады. Сонымен қатар, команда кпитандары арасында өткізілген «Үздік білімгер» сайысы бойынша 1-орынға 150 000 теңге, 2-орынға 100 000 теңге және 3-орын иегеріне 50 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. Одан бөлек, жарыста жақсы ойын өрнегін көрсеткен оннан аса командаға ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.



Осы ретте, жарыс жеңімпазы атанған бәйдібектік білімпаздарға тоқтала кеткенді жөн санадық. Жалпы, топ құрамындағы 5 азамат та білім беру саласында қызмет ететін педагогтар. Атап айтсақ, Теміржанов Жандос – Борлысай жалпы орта мектебі директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары, география пәнінің мұғалімі болса, Кеңсай жалпы орта мектебі директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Сұлтан Нұрболат биология пәнінен білім береді. Ал, Кенжебек Рүстем – Орманов атындағы мектептің директоры әрі тарих пәнінің мұғалімі болса, Асанханұлы Нұрлыхан – Абай атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, математика пәнінің мұғалімі. Молдабек Рауан – Абай атындағы жалпы орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді.


«Бұл топ 2021 жылы сол кездегі Бәйдібек аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Асқар Кененханның ұйымдастыруымен өткізілген интеллектуалдық ойында құрылды. Сол ойыннан кейін «Бәйдібек» командасы болып Түркістан, Тараз қалаларында өткен ойындарға қатыстық. Ойындарға дайындық алдымен, жекелей жүргізіледі. Яғни, өткізілетін жарыстың ережелеріне сәйкес, команданың әрбір мүшесіне белгілі бір тақырыптарға дайындалуға тапсырма беріледі. Екіншіден, Шымкент қаласында өткізілетін «Керемет квиз» ойындарына үзбей қатысып отырамыз. Бұл да үлкен дайындық. Үшіншіден түрлі деңгейлердегі жарыстарға тұрақты түрде қатысу арқылы тәжірибе жинақтаймыз», - дейді команда мүшесі Теміржанов Жандос.


Осылайша, команда облыстық «Эрудит» байқауында 1 орын, «Аманат ақылман» облыстық жарысында 2 орын алып, өзге де облыстық, аудандық ойындардың жүлдегері атанып үлгерген. Алдағы уақытта тәжірибелерін арттыра түсуді жоспарлаған команда жас жеткіншектер командасын да жасақтауды мақсат етеді. Сонымен бірге, мектеп оқушылары арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттап, аудандық ойындар өткізуді көздеп отыр. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – команда атауын «ВВС» деп өзгертуді Кенжебек Рүстем ұсынған. Бұл «Бәйдібектің білімпаз серілері» деген ұғымға негізделген екен.


Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаевтың айтуынша, «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны қазақ тілін кеңінен дәріптеу, тілге деген құрметті арттыру, логикалық ойлауды дамытатын білімді жастар үшін бос уақыттың өзекті форматын қалыптастыру мақсатында өткізілген.

«Осылайша, біз жастар арасында қызықты интеллектуалдық, шығармашылық сайыстар өткізіп, олардың белсенділігін арттыра аламыз деп сенеміз. Өз кезегінде жергілікті әкімдік бұл ойынды келесі жылы халықаралық деңгейде өткізуге қолдау көрсетпеу. Алдағы уақытта да инттеллектуалды ойындар аудан, қала және облыстық деңгейде жалғасын табатын болады», - дейді Ернар Нұралыұлы.


Сондай-ақ, сайыс барысында қатысушыларды да сөзге тартып көрдік. Отырар ауданынан келген «Фараб» командасының мүшесі, аудандық жастар орталығының қызметкері Әділет Әбсаттарұлы мұндай сайыстар жастарды жан-жақты ізденіс пен білімге деген үлкен талпыныста болуға дағдыландырады.


«Халықаралық жастар күні қарсаңында Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Облыстық жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен Республикалық AL-FARABI» интелектуалды сайысына «Фараб» командасы болып қатысып, Отырар ауданының намысын қорғадық. Бірінші кезекте, әрине, мұндай ой жарыстары жастарды жан-жақты ізденіс пен білімге деген үлкен талпыныста болуға дағдыландырады. Сайыс барысында бұрын біз естіп, көрмеген, білмеген сұрапыл сұрақтар мен жауаптарды естідік. Біліміміз бен білгіміз жеткенше сұрақтарға жауап беруге тырысып, ширек финалға дейін жеттік. Мұндай додаларға әбден ысылған, кең жазиралы, қасиетті Қазақстанымыздың түкпір-түкпірінен келген қарсыластарымыз бізден бір бас жоғары екендіктерін көрсетті. Дегенмен, осындай ірі сайыстарға қатысу арқылы біз өзіміздің білімімізді шыңдай түсеміз деген сенімдеміз. Жалынды да дарынды жастардың басын біріктіретін осынау сайыстардың бізге берері көп. Бұл ортада біз өзімізге жаңа таныстық пен достықты таба аламыз. Түрлі білік пен білім алмасулар арқылы зор өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндік аламыз. Және бір айта кетерлігі – сайысқа 50-ге жуық команда қатысып, өз бақтарын сынады. Алдағы уақытта командалардың саны тағы да артса деген тілек бар. Жастар жалындасын, жасасын», - дейді ол.