Өңір басшысы балаларға жылы лебізін білдіріп, жазғы демалыс маусымының ашылуымен құттықтады.
Түркістан облысында «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінің 2026 жылғы жазғы маусымының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінің 2026 жылғы жазғы маусымының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, лагерь демалушыларымен еркін пікір алмасып, олардың шығармашылық жұмыстары мен жетістіктерімен танысты. Өңір басшысы балаларға жылы лебізін білдіріп, жазғы демалыс маусымының ашылуымен құттықтады.
Мерекелік іс-шара барысында лагерь аумағында балаларға арналған түрлі шығармашылық және танымдық алаңдар ұйымдастырылды. Қонақтар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарымен танысып, жас суретшілердің көрмесін тамашалады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттайтын киіз үй, қолөнер бұйымдары, құмыра жасау, ағаш ою және домбыра үйірмелерінің жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шара аясында балаларға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан жас өскіннің қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған арнайы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, шахмат жиынтықтары, көркем сурет салуға арналған мольберттер, ұлттық өнерді дәріптеуге арналған домбыра, сондай-ақ спорттық және зияткерлік құрал-жабдықтар сыйға берілді.
Сонымен қатар «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында лагерь кітапханасының қорын толықтыру мақсатында 100 көркем әдеби кітап тарту етілді. Бұл бастама балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына серпін береді.
Мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасты. Облыс мектептері мен өнер ұжымдарының бишілері мен әншілерінің өнер көрсетуі, патриоттық әндер мен лагерь демалушыларының флешмобы қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара соңында балаларға тәтті тосынсый ретінде балмұздақ таратылып, ел ағаларымен естелік суретке түсу рәсімі ұйымдастырылды.
Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты балалардың демалыс кешені былтыр қайта жаңғыру бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліп, 10 модульді жатақханасы пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысы 20 балаға арналған жатын орынмен қамтамасыз етілген. Түгелдей жаңа жиһаздар мен төсек орындары бар. Әр баланың жеке киімдерін салатын шкафтары әзірленген. Бөлме іші жарық, әрі заманауи үлгіде безіндірілген. Лагерьдің алғашқы ауысымына 350 бала қабылданды. Оның ішінде 250 бала Түркістан қаласының, 100 бала Сауран ауданының оқушылары. Қалған балалар лагерьдің жаңартылған алдынғы корпусында тынығады. «Балауса» жазғы сауықтыру орнында 7 лекпен жалпы 2 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарға енді.
«Балауса» лагерінің жазғы маусымының ашылуы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және жаңа достар табуына мүмкіндік беретін мазмұнды жазғы демалыстың бастауына айналды.


