156 спортшы қатысып, өзара бас жүлдеге таласты.
Мақтаарал ауданында баскетболдан Қазақстан чемпионатына іріктеу сайысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданы, Мырзакент елдімекеніндегі №4 Сабыр Рахымов атындағы жалпы орта мектебінде баскетболдан Қазақстан чемпионатына іріктеу сайысы өтті. Баскетболдан жасөспірімдер арасында өткен облыстық чемпионатқа 13 команда, 156 спортшы қатысып, өзара бас жүлдеге таласты.
Шаршы алаңда өзінің жан-жақты шеберлігін көрсеткен жеткіншектер облыс құрамасына алынып, республикалық додада өңір намысын қорғайды. Аса тартысты өткен баскетбол бәсекесінде жүлделі үшінші орынды Созақ ауданынан келген команда еншілесе, екінші орынға Ленгір қаласының құрамасы жайғасты. Ал барлық қарсыластарын тізе бүктірген алаң иелері «Мақтаарал-1» командасы жеңістің шыңын бағындырды. Топ жарған командалар мен үздік деп танылған спортшылар арнайы медальдар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл облыстық доп додасын Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Мақтарал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Жарыстың мақсаты — облысымыз бойынша талантты баскетболшы жастардың тұсауын кесіп, додаларға дайындау. Енді үздіктер ел чемпионатында бақ сынайды.