Ол дүңгіршектің сыртында ілулі тұрған киімдерді ұрлап кеткен.
Түркістан облысы Мақтарал ауданы Мырзакент кентіндегі базардан балалар киімін ұрлап, әшкере болған келіншек сот алдында жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Оқиға "Молдахан" базарында болған. Базарда сауда дүңгіршегінің сыртында ілініп тұрған кішкентай қыздарға арналған көйлектер мен бас киімді 1994 жылы туған келіншек үптеп кеткен. Дүңгіршектің иесі суық қолды әйелдің үстінен аудандық полиция бөліміне шағымданған.
Қолының сұғанақтығы бар азаматшаның үстінен ҚР ҚК нің 188 бабы "ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі алдын ала тыңдау кезінде 25 жастағы келіншек өз ісіне өкінетіндігін, дүңгіршектің иесінен кешірім сұрап, шығынды толық өтегендігін айтқан. Қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Сауда орнында тауарын ұрлатқан әйел де сот отырысына дейін сотталушыға кешірім бергені туралы сотқа кешірім арыз жолдаған.
"Мақтаарал аудандық сотында Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (ұрлық) айыпталған азаматша С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы сот отырысына дейін жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеп, медиация тәртібімен татуласқан. Жәбірленуші Ф. сотқа кешірім беру туралы арыз беріп, онда сотталушымен медиация тәртібімен татуласуына байланысты азаматша С.-ға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Сот іс құжаттарын зерттеп, ҚР ҚК-нің 68-бабына сәйкес, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан", - деп мәлімдеді Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кету керек, қаулы заңды күшіне енген.