ТҮРКІСТАН: Бірқатар басшы облыс әкімінің сынына ілікті

0
787

Жобаларды 2-3 жыл бұрын жоспарлау керек - Дархан САТЫБАЛДЫ


ТҮРКІСТАН: Бірқатар басшы облыс әкімінің сынына ілікті

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен аудан, қалалардың негізгі көрсеткіштері бойынша ай сайынғы рейтинг жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен аудан, қалалардың негізгі көрсеткіштері бойынша ай сайынғы рейтинг жүргізілуде. Рейтингке өнеркәсіп өнімі көлемі, негізгі капиталға салынған инвестиция, ауыл шаруашылығы өнімі, шағын және орта кәсіпкерліктегі өнім өнімі, құрылыс жұмыстарының көлемі және пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы көрсеткіші енді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста осы бойынша аудан, қалалардағы жыл жұмысы қорытындыланды. Алдағы жоспарлар талқыланды. Бірқатар басшылар облыс әкімінің сынына ілікті.


"Біздің басым бағыттарға жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция көлемін арттыру және өзге де көрсеткіштер енгенін білесіздер. Индикаторлар дұрыс орындалуы үшін 2024 пен 2025 жылдарға қазірден жоспар жасаған жөн. Жобаларды 2-3 жыл бұрын жоспарлау керек. Ерте бастамасаңыздар үлгермей қаласыздар. Жер бөлу, жобалық-сметалық құжат жасау, инфрақұрылым реттеуге уақыт кетеді. Бүкіл аудан, қаладағы пайдалы қазбаларды, ресурстарды, мүмкіндіктерді толық тексеріп, зерделеп шығыңыздар. Соған сай жоспар жасап, жұмыс жүргізу қажет. Екіншіден, басқарма басшылары аудан, қала әкімдерімен бірлесе жұмыс атқарсын. Жол көрсетіңіздер. Жүйелі әрі кластерге негізделген жобалар әзірленуі тиіс. Әлі де дұрыс ұсыныстарды көрмей тұрмын", – деді Дархан Сатыбалды.


Жалпы Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 128 нысаналы индикатор қарастырылған. Оның орындалуы бақылауда.


Өнеркәсіп өнім көлемі биылға 815,4 млрд. теңге деңгейінде жоспарланып, 11 айда 776,8 млрд. теңге құрады. 11 айда облысқа тартылған инвестиция көлемі 576,6 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 400 млрд. теңгеге жуығы немесе 62%-ы жеке инвестициялар есебінен. 2023 жылға жалпы құны 398,5 млрд. теңге құрайтын 26 жоба жоспарланған. Инвестиция көлемі шағын кәсіпорындар есебінен де артпақ.


Ауыл шаруашылығы көлемі бойынша биылғы жоспар – 1 трлн. теңге. Келер жылы құны 58 млрд. теңге болатын 5 ірі жылыжай кешенін, және де құны 9,6 млрд. теңгеге 3 сүт-тауарлы ферма іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ 860 мың гектар егістен 4 млн. тоннадан астам өнім жиналады деп күтілуде. Нәтижесінде, жалпы ауыл шаруашылығы өнім көлемі 1,1 трлн. теңге деңгейінде жоспарланды.


Құрылыс жұмыстары көлемі 11 айда 269,2 млрд. теңгені құрады. Биылға жоспар – 329,1 млрд. теңге. Келер жылы қарқын бәсеңдемейді. 2023 жылы 487 нысанның құрылысы және 240 нысанның жөндеу жұмыстары жоспарланды. 11 айда жалпы ауданы 800 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. 2023 жылға жоспар – 866,4 мың шаршы метр. Оның ішінде 277,3 мың шаршы метр бюджет есебінен (72 үй, 4 639 пәтер), қалған 589,1 мың шаршы метр жеке қаржы есебінен салынатын болады.


Сонымен қатар келесі жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерліктегі өнім көлемі көрсеткіші рейтингке енгізіліп, 1,5 трлн. теңге көлемінде жоспар бекітілді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 3,1 млрд. теңге, жаңа бизнес идеяларға гранттарға 2,3 млрд. теңге, ауылдардағы жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге 3 млрд. теңге қарастырылды.

ББұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын субсидиялауға 22 млрд. теңге бөлінді. Субсидия алушы кәсіпорындардың басым бөлігі шағын және орта бизнес санатына жатады.