ТҮРКІСТАН: Бірқатар мектептің ғимараты жаңартылып, жөндеуден өткізіледі

0
491

Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім нысанын аралап көрді.


ТҮРКІСТАН: Бірқатар мектептің ғимараты жаңартылып, жөндеуден өткізіледі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары аудандардағы білім ошақтарының жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл өңірде бірқатар білім беру мекемелерінің ғимараты жаңартылып, жөндеуден өтеді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сайрам және Төлеби аудандарына жұмыс сапарымен барды. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім нысанын аралап көрді. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің құрылысына жауапты мердігерлермен тілдесіп, мерзімінде үлгеруді тапсырды.


Алдымен Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округі, Әсіларық ауылындағы №49 Ш.Уәлиханов атындағы мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Облыстық бюджет есебінен толық қаржыландырылған білім нысаны 300 оқушыға арналған. Бүгінде мектептің бөлме іштерін бөліп тұрған жарылған қабырғалар алынып, толық қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, кәріз және электр жүйелерін ауыстыру, мектеп қабырғаларын қайта сылау, терезелер орнату, сыртқы қасбеттер, шатыр төсемелерін жабу және мектеп едендері мен қабырғаларына кафель жабыстыру, жылу жүйелерін жүргізу, мектеп айналасына бетон құю жұмыстары атқарылды. Аталмыш білім ұясындағы құрылыс жұмыстарын тамыз айының соңында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.


Жұмыс сапары барысында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты N4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызмкеттер көрсету орталығына және Сайрам мүгедек балаларды оңалту орталығына барып, сондағы тыныс-тіршілікпен танысты.


Жұмыс сапары әрі қарай Төлеби ауданында жалғасты. Мұнда жалпы 126 білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 68 мектеп, 56 балабақша, аудандық оқушылар үйі, аудандық саз мектебі, қалалық балалар саз мектебі, көркемсурет мектебі бар. Бүгінде біреуінде жаңа ғимарат құрылысы жүргізілсе, 3 білім ошағы ғимаратында күрделі жөндеу, 43-де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Көксәйек ауылдық округіндегі Қазақстан мектебін биыл күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қаралған. Қазіргі таңда мердігер тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал Қаратөбе ауылдық округіндегі Қостөбе мектебінде жұмыс ақпан айында басталған. Бүгінде мердігер мекеме «Радуга-СН» ЖШС жобалық сметалық құжатқа сай жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес атқарды. Күрделі жөндеу толығымен аяқталып, қабылдап алу жұмыстары жүруде.


Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебінің мердігері мен техникалық бақылаушы анықталған. Тиісті жұмыстар 5 маусымнан басталды. Ай соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Содан соң «Қасқасу» шағын жинақты жалпы орта мектебіне барып, күрделі жөндеу жұмыстарының жағдайымен танысты.


Білім ошақтарын салаға жауаптылармен бірге аралаған облыс әкімінің орынбасары жаңа оқу жылының дайындық барысын тағы бір пысықтады. Оқушылар оқуға оралғанда алаңсыз, толыққанды білім алуы үшін құрылыс жұмыстары қауіпсіз, сапалы жүргізілуін, сондықтан қажетті шаралардың қабылдануын тапсырды.