ТҮРКІСТАН: Биыл 52 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

0
207

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жайылым тапшылығы 608 мың гектарға дейін төмендеді.


ТҮРКІСТАН: Биыл 52 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Түркістан облысында жыл басынан бері 52 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыстағы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, пайдаланып жатқан жерлерді қайтару бойынша ведомствоаралық кіші топтың құрамы жүйелі жұмыстар атқаруда. Ведомствоаралық кіші топ тарапынан 2024 жылға облыс бойынша 60 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Жыл басынан бері Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 51,3 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.


Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің баяндауынша, өткен жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жайылым тапшылығы 608 мың гектарға дейін төмендеді.


Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе отырып, жұмыстарды тиісті деңгейде атқаруды тапсырды. Жерді тиімді пайдалану керектігін ескертті.


Биыл өңірдегі қоғамдық жайылым көлемін екі бағыт бойынша 304,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша жалпы 64 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, есепті мерзімге 49,1 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 10 айда жоспар 70 пайызға орындалды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар Сарыағаш, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Келес, Созақ, Отырар аудандарында төмен деңгейде.


Екінші бағытта жалпы қоғамдық жайылым қажеттілігін 240 мың гектарға төмендету бойынша шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру, мал бордақылау алаңдарын ашу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шалғайдағы маусымдық жайылымды ұйымдастыру арқылы қоғамдық жайылым қажеттілігі 95,5 мың гектарға төмендетілді.


Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ тарапынан Ордабасы, Отырар, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді.


Елді мекендерді дамыту бағытында Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекеніндегі мал бордақылау алаңдарын елді мекеннің сыртына көшіру бойынша жалпы 587 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару қарастырылған. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан 255 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.