Қазіргі таңда облыс аумағында 924 дәріхана тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Түркістан облысында дәрі тапшылығына қарсы шаралар жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында пандемияға байланысты дәрі тапшылығын болдырмау мақсатында арнайы қордан қосымша препараттар алдырудамыз. Дәріханалардағы дәрі-дәрмектің саны жеткілікті болуын әрі бағасының шектік сомадан аспауын қадағалайтын боламыз. Қазіргі таңда облыс аумағында 924 дәріхана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Талаптарды сақтамаған дәріханаларға шаралар қолданылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Дәулет Тағыбаев мәлімдеді.
«Дәрілік заттарды тағайындау емханаларда және кәсіби мамандардың нұсқамасы негізінде жүргізіледі. Антибиотик дәрілік заттары бөлшек саудада рецептсіз босатылған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтың 426-бабының 1 тармағына сәйкес, әкімшілік шара қолданылады. Қызмет көрсетуші тұлғаға 70 АЕК, лауазымды тұлғаға 100 АЕК ретінде, кіші кәсіпке 130 АЕК, орта кәсіпке 200 АЕК, ірі кәсіпке 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Осы аталған жайт 1 жыл ішінде қайталанса, фармацевтикалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлер 6 айға дейін фармацевтикалық қызметке лицензиясы тоқтатылады», - деді Дәулет Орынбайұлы.