Өкпенің 2 бірдей қауіпті дертпен зақымдалғаны бала өміріне үлкен қауіп төндірген.
Коронавирус жұқтырған 10 айлық нәресте Жетісай ауданынан «Облыстық фтизиопульмонология орталығына» туберкулез ауруынан емделуге жатқызылған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.⠀
Туберкулезден емделуге жатқызылған сәбиді тексеру барысында COVID-19 инфекциясы анықталып, бірден Леңгір қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Екі апта бойы білікті дәрігерлердің емін қабылдаған науқас баланың өміріне еш қауіп жоқ.
«Өкпенің 2 бірдей қауіпті дертпен зақымдалғаны бала өміріне үлкен қауіп төндірді», - дейді дәрігерлер. Сондай-ақ, сәбидің науқас азаматпен қарым-қатынаста болғаны белгілі болған. Қазір ол COVID-19 инфекциясына қарсы емін толығымен қабылдап, талдамасының «теріс» болуына байланысты «облыстық фтизиопульмонология орталығында» туберкулезге қарсы емін жалғастыруда.
«Өкпе ауруына ұшыраған азаматтар онсыз да әлсіз келеді. Науқастарды барынша Сovid-19 инфекциясынан қорғауға тырысамыз. Барлық сақтық шаралары қамтамасыз етілген. Ауруханада тіпті коронавирусты ерте анықтау мақсатында арнайы вирусологиялық зертхана қызмет көрсетеді. Зертхана соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Мамандарымыз оны жақсы меңгеріп, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда», - дейді «Облыстық фтизиопульмонология орталығының» бас дәрігері Болатхан Сағымбеков.
Мәліметке сүйенсек, Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін коронавирус індетін 1 жасқа дейінгі 10 бала жұқтырған. Олардың сегізі жазылып шықты. Екеуі инфекциялық госпитальдарда ем қабылдауда. Жалпы, өңірде коронавирустық инфекцияның расталған 400 жағдайы тіркелген. Дәрігерлердің арқасында 257 науқас дертінен жазылып, отбасына оралды.