Елдің көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, өңірді, ауданды дамыту бағытындағы жоспарларын айтты.
Түркістан облысының әкімі Арыс қаласына тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Елдің көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, өңірді, ауданды дамыту бағытындағы жоспарларын айтты.
«Тарихы тереңде жатқан Арыс шаһарының өндірістік және транзиттік мүмкіндігі жоғары. Біз қаланың осы артықшылығын тиімді пайдалануымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, апаттан кейін Арысты қалпына келтіруге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады. Арысқа газ келді. Бұл арыстықтар үшін көптен күткен сәт. Жуырда елімізде сайлау болып, халық өз Президентін сайлады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан облысына жасаған сапарында облысты әрі қарай дамытуды тапсырды. Осы бағытта жұмыс жүреді», — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тұрғындар тарапынан жылуды газ жүйесіне ауыстыру, жолдарды жөндеу, кәсіпкерлікке қолдау және өзге де мәселелерді көтерді. Өңір басшысы сұрақтарға жауап беріп, әрбір өтініш назарға алынатынын жеткізді.
Осы сапарында облыс әкімі қаладағы әскери бөлімге барды. Стратегиялық нысанда еңбек ететін әскерилердің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Оқ-дәрілерді залалсыздандыруға қатысты қоғам тарапынан туындайтын өзекті мәселелерді оңтайлы шешудің жолдарын қарастырды. Әскери бөлім аумағында орналасқан 13 500 шаршы метрді құрайтын ғимараттың жағдайын көрді. Жуырда ғана қала әкімдігінің меншігіне қабылданған бұл ғимаратта 250 оқушының білім алуына арналған 12 оқу кабинеті мен арнайы кітапханасы және 500 орындық акт залы бар. Нысан күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген жағдайда Арыс қаласы тұрғындары үшін тиімділігі зор мәдениет сарайына айналады.
Арысқа газ келді. Бүгінгі таңда Арыс қаласын табиғи газға қосу үшін Ордабасы ауданындағы №19 «Темірлан» АГТС-нан Арыс қаласына дейін 41,2 шақырым газ құбыры тартылған. Сондай-ақ қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 15,6 шақырым жеткізгіш газ құбыры жүргізіліп, 6 дана газды реттеу пункті (ГРП) орнатылды және қысымдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тоғыз шағынаудан табиғи газға қосылды.
Облыс әкімі Орта Азияда баламасы жоқ поливинилхлорид түйіршіктері мен арнайы қоспасын шығаратын зауыт жобасымен танысты. 7,5 гектар аумаққа орналасқан кәсіпорын айына 600 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Қажетті шикізат қазіргі кезде Қытай мен Түркия және Ресейден тасымалданады. Жобаның жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайды.
Зауыт іске қосылғанда кемінде 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Кәсіпорын толық қуатына енгенде өз өнімдерін республика аумағынан бөлек, Түркия, Болгария, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне экспорттауды көздеп отыр. Айта кетейік, поливинилхлорид жоғары экономикалық тиімділігі мен өндірістің түрлі салаларында қолданылуы арқасында әлемдік сұранысқа ие бірден-бір материал саналады.
Сондай-ақ серіктестік аумағында орналасқан құрылысқа қажетті төбе жабыны мен қабырға панельдерін, резеңкелі жол кедергілері мен кәріз құбырларын шығаратын өндірістік цех жұмыс істеуде.
Бүгінгі таңда аталған цехта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған бұл жобаға инвестор 600 млн. теңгесін жұмсаған. Серіктестік өз өнімдерін республика аумағынан бөлек, алыс-жақын шетелге экспорттауды қолға алған.
Теміржолдың кіреберіс жолымен жабдықталған орталықта жүк көліктерінің тасымалдау қызметі мен кедендік қызмет түрлері де өзара үйлестірілген. Оған қоса, кәсіпорынның көлік-логистикалық орталығы бір мезетте 1000—1200 тонна жүк сақтауға қауқарлы. Жалпы құны 80 млн. теңгені құрайтын орталық 15 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтиды.