Мәселе сот тәртібімен қаралды.
Дербісек елді мекеніндегі ауыз су мәселесі Түркістан облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағаш ауданының Дербісек елді мекеніндегі «ТП-32» ауыз су ұңғымасына қатысты мәселе бүгінде облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Аталған су нысаны ұзақ жылдар бойы «Рауан» ЖШС-нің пайдалануында болған.
Алайда биылғы жылдың 25 сәуірінде жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты мәселе сот тәртібімен қаралды. Нәтижесінде, «Рауан» ЖШС-нің жер учаскесіне қатысты құқық белгілейтін құжаттарының күші жойылды.
Сонымен қатар, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы санитарлық қорғау аймағына қойылатын талаптардың сақталмауына байланысты су ресурстарын пайдалану құқығын ұзарту туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.
Бұл жөнінде Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифинг барысында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді. Ашық форматта ұйымдастырылған кездесуге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен Дербісек елді мекенінің тұрғындары қатысып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті жүктелген болатын. Осыған сәйкес, бүгінде Дербісек ауылында ауыз су беру жүйесі тұрақты жұмыс істеуде. Қазіргі таңда 18 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде 3 мыңнан астам абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Халыққа қызмет көрсетуді «Сарыағаш Тұрмыс» коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырып отыр. Тұрғындарды сумен қамту гидранттық жүйе арқылы штаттық режимде жүргізілуде.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында қосымша ресурс ретінде «№2-ТП» ұңғымасы да пайдаланылуда. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы су қоры тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті,- деді Арман Абдуллаев.
Сондай-ақ, егер «ТП-32» ұңғымасы мемлекет меншігіне қайтарылған жағдайда да, тұрғындардың ауыз суға қолжетімділігі шектелмейді. Ал «Рауан» ЖШС-не қажетті су көлемі қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген тәртіппен беріліп отырады. Облыс әкімдігі тарапынан да барлық шешімдер тек заң талаптарына сәйкес қабылданатынын және ешбір тараптың құқықтары бұзылмайтыны мәлімделуде. Су ресурстарын пайдалану мәселелері тек сот шешімі мен уәкілетті органдардың қорытындылары негізінде реттеледі.
Айта кетсек, аталған мәселе бойынша Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев 2026 жылдың 5 мамырында Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, көтерілген мәселеге қатысты жан-жақты түсіндірме берген болатын. Баспасөз мәслихаты барысында аудан әкімі ауыз сумен қамту жұмыстарының тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, барлық шешімдер заң талаптарына сәйкес қабылданатынын жеткізді.
Осыған байланысты әлеуметтік желілерде таралып жатқан облыс және аудан әкімдерінің атына қатысты кейбір ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтіні ескертілді. Тұрғындарға тек ресми ақпарат көздеріне сену ұсынылады. Сонымен қатар, сот шешімдеріне қатысты шағымдар заң аясында жоғары сот сатыларында қаралатыны айтылды.


