ТҮРКІСТАН: Дойбыдан көру және есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында ел чемпионаты басталды

0
537

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 10 сәуір күні анықталады.


ТҮРКІСТАН: Дойбыдан көру және есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында ел чемпионаты басталды

Түркістанда дойбыдан көру және есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістандағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің кешенінде тұңғыш рет 64 дойбыдан көру қабілеттері мен есту мүшелері зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Қазір мемлекет тарапынан елімізде мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Өңірде де бұл бағытта жұмыс жүруде.


Бұл Қазақстан чемпионатына республикамыздың барлық аймақтарынан 200-ге жуық спортшы қатысып, шеберліктерін шыңдауда. Мақсат – Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын құраманы жасақтау.


Жоғары деңгейде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатын Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Сауран» мүгедектерге арналған спорт клубы ұжымы ұйымдастырды.


Жарыстың ашылуы рәсіміне арнайы қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова жеңіске деген құлшыныстары жоғары спортшыларға сәттілік тіледі.


Қазақстан Республикасының сурдолимпиада комитетінің бас бапкері Максим Рожков та жарысқа қатысушы спортшыларға құттықтау сөз сөйлеп, ел чемпионатының өз биігінде ұйымдастырылғанын жеткізді.


Ал, Түркістан облысындағы арнайы мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының директоры Абай Қазиев ел чемпионатының маңыздылығы туралы айта өтті. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 10 сәуір күні анықталады.