Дүкенде екі әйелдің арасында дау-жанжал туындаған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан қаласында дүкенде шу шығарып бет тырнасқан әйел заң алдында жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан қаласының тұрғыны Н. азық-түлік дүкенінде танысы М.-мен ұрсысып қалған. Қоғамдық орында шу шығарғанымен қоймай сотталушы Н. жәбірленуші әйелдің денесін, бетін тырнап тастаған.
Сот алдында жауапқа тартылған азаматшаға ҚР ӘҚБтК-нің 73-ші бабының 1-ші бөлігі - "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" (1.Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша айып тағылған.
Айта кетейік, аталмыш бап бойынша он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.
Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен дүкенде жанжал шығарған Н. айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындалды.