Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс істеуді ұйымдастырады.
Түркістан қаласы әкімдігінде «Е-Өтініш» жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласы әкімдігінде Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің енгізілуімен және «Е-Өтініш» жаңа ақпараттық жүйесі арқылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс істеуді ұйымдастыру мақсатында жиналыс өтті. Қала әкімінің орынбасары Жандос Тасовтың басшылығымен өткен жиында мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік органдармен азаматтардың өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Халық пен билік арасындағы тиімді диалогқа баса мән берген бұл тұжырымдаманың аясында бірқатар жобалар қолға алынуда. Соның бірі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің бекітілуі және «Нәтиже» пилоттық жобасының шеңберінде «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс істеуді ұйымдастыру. Аталған жұмыс Түркістан қаласында 1шілдеден бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұл кодекстің шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың жаңа форматына көшу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жаңа кодекс пен жаңа аппараттық жүйеге сай барлық бағыттағы түсіндіру жұмыстары мен оқыту семинарлары жүзеге асырылуда.