ТҮРКІСТАН: Экоакция аясындағы жұмыстарды ширату жолдары талқыланды

0
568

Облыс әкімі тарапынан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына және жоғарыда аталған нысандардың басшыларына тазалық, абаттандыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.


ТҮРКІСТАН: Экоакция аясындағы жұмыстарды ширату жолдары талқыланды

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды ширату жолдары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар жүйелене түсті. Облыс бойынша тазалық және абаттандыру жоспары бекітіліп, әр сала өкілдері ретімен тұрақты түрде сенбіліктерге шығуда. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстар тағы да бір италқыланып, тиісті тапсырмалар берілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.


«Өңірдегі елді мекендердегі кешелер мен бюджеттік мекеме ғимараттары, тұрғын үйлердің, аулалардың тазалығын назарда ұстаңыздар. Нысандарды әктеу, сырлау, жөндеу жұмыстары тұрақты жүргізілсін. Спорт, білім, мәдениет және өзге де мекемелер, мешіттер таза әрі сәнді болып, жан-жағы көгалдандырылуы тиіс. Гүлдер егілсін. Әр мекемеге жауапты басшы осы жұмысты үйлестірсін. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары аймақтарға тұрақты түрде мониторинг жасаңыздар. Ретсіз шашылған қоқыс болмауы керек. Абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүйелей түскен жөн. Полицейлер тарапынан да осы саладағы тәртіпті сақтауға қадағалау күшейтілгені дұрыс», – деген Дархан Сатыбалды ұлттық және өңірлік табиғи парктерде, демалыс орындарында, туристік және мәдени ескерткіштер маңындағы тазалықты күшейтіп, реттеуді қатаң тапсырды.


Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов дін, спорт және архив мекемелері бойынша тазалық, абаттандыру жұмыстары нәтижесін баяндады. Облыстағы 18 архив нысаны аумағындағы сенбіліктерге 300 қызметкер қатысқан. 1000-нан аса ағаш әктеліп, 22 көше тазаланған. 10 тонна қоқыс шығарылған. Өңірдегі 77 спорт мекемесінде 3500 қызметкер бар. Олар 41 ғимарат қабырғасын, 51 ғимарат іргетасын әктеп, сәндеп, жан-жағын тазалап, 1000 түп гүл отырғызған. 34 техниканы пайдаланып, 41 тонна қоқыс шығарған. Мешіттерде де «Таза Қазақстан» акциясы ұйымдастырылып имамдар мен жергілікті жамағат тазалық жұмыстарына атсалысқан. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.


Жиында Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Нұркен Аралбеков облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың, тарихи - мәдени нысандары мен демалыс аймақтарының санитарлық тазалығына жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы ой қозғады. Облыс әкімі тарапынан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына және жоғарыда аталған нысандардың басшыларына тазалық, абаттандыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.