Елбасы туралы кітаптар оқырман назарына ұсынылды.
Түркістан облысында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай кітап көрмесі өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының аудан, қалаларында 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай "Елбасы және Қазақстан" тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Солардың бірі – Ордабасы аудандық орталық кітапханасында өтті.
Көрменің басты мақсаты – ҚР Тұңғыш Президенті, мемлекетіміздің жетекші саяси партиясы «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз еліміздің қалыптасу мен даму кезеңіндегі жүргізген саясатын, іскерлік қабілетін, болашаққа бағыт-бағдар берген Елбасының осы уақытқа дейінгі атқарған еңбектерін оқырмандарға жеткізу, жас ұрпаққа насихаттау болатын.
Көрмеге Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен жолы, жетістіктері жайлы еңбектерімен қоса, Тұңғыш Президент туралы М.Қасымбековтың «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», Б.Сапаралының «Тұңғыш Президенттің балалық шағы», А.Гафоровтың «Еліне елеулі Елбасы: Н.Назарбаев – саясат майданының қайраткері», А.Сәулебектің «Елбасының алтын бесігі», тағы басқа да авторлардың кітаптары, сондай-ақ Елбасының іссапардағы, отбасылық естелік суреттері, жеке заттары оқырмандар назарына ұсынылды.
Оқырмандар Елбасының балалық шағынан бастап, бүгінгі ерен еңбектері жөнінде жан-жақты қамтылған туындылармен танысып, жас ақындар Елбасыға арнаған өлеңдерін оқып берді.
Дәл осындай іс-шара Түлкібас ауданында да жалғасын тапты. Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Еліне тұтқа болған Елбасы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жиында «Еліне тұтқа болған Елбасы» атты кітап көрмесі, құнды құжаттар мен Елбасы өмірінің әр кезеңінен дерек беретін фотоматериалдардың таныстырылымы өтті. Партия көшбасшысының өмірі мен елге сіңірген ерен еңбегін насихаттайтын бірқатар кітаптар жеке-жеке таныстырылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жазған кітаптар мен «Елбасы сүйген Оңтүстік» атты кітап оқырман назарына ұсынылды. Іс-шара барысында аудан өнерпаздары «Арша» триосының әншілері музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен «Үшқоңыр» әнін шырқады. Шараға келген қонақтар Елбасының нағыз көсбасшы екенін жеткізіп, алғыс білдірді.
"Nur Otan" партиясы Бәйдібек аудандық филиалының ұйымдастыруымен "Тұңғыш Президент – дәуір адамы" атты іс-шарасы өтті. Елбасы, Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап партия ардагері, қоғам қайраткері Тұржан Серікбай Дәулетұлы, аудандық мәслихат депутаты, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық Кеңесінің төрағасы Елеусіз Алмас Байзақұлы, "Бәйдібек несие" басқармасының директоры Әбілдабек Жазылбек Әбілдабекұлы және ауданымыздың БАҚ өкілдері қатысты. Іс - шарада ауданымыздың мәдениет үйі өнерпаздары ән шашуын шашып, мерекеге арнап ән шырқады.
Отырар ауданындағы іс-шара да жоғары деңгейде өтті. Онда «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Елмен сырласу», «Ой бөлістім халқыммен», «Тәуелсіздік дәуірі» сынды Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен жолы, жетістіктері жайлы еңбектерімен қатар Елбасы туралы кітаптар оқырман назарына ұсынылды.