Бұдан былай мектеп директорына ата-аналар хатшысыз тікелей кіре алады.
Түркістан облысында мектеп директорлары кең кабинеттерін оқушыларға беретін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл бастама туралы бүгін Түркістан облыстық өңірлік коммуникация қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің өкілі Талғатұлы Ақтөре кеңінен айтып өтті.
«Түркістан - адалдық алаңы» Жобалық кеңсесінің бастамасымен облыстағы барлық білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары қоғаммен еркін кері байланыс орнату мақсатында кең кабинеттерін бірінші қабаттағы шағын кабинеттерге ауыстыруды бастады.
Бұл жұмыстар аясында оқушыларға кабинет жетпейтін мектептерге үлкен көмек, сондай-ақ, мектеп әкімшілігінің шығындары да қысқартылмақ.
Ендігі кезекте, мемлекеттік білім беру ұйымдарына қоғамдық бақылауды орнату мақсатында, кез-келген ата-ана немесе оқушыға жауапты тұлға директорға (хатшысыз) тікелей кіре алатын болады.
Сонымен қатар, «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында «Ashyq Turkistan» жобасын іске қосылды.
Бұл жоба облыстағы ауыл, елдімекен тұрғындарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер туралы заңгерлік көмек беру, қызметтерді ыңғайлы алуға жағдай жасау, компьютерлік сауаттандыру (e.gov), жергілікті тұрғындармен бірлесіп жан-жақты тақылау, мемлекеттік органдарда ашықтықты қамтамасыз ету және қоғам тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған.
Жергілікті тұрғындар үшін ауылдық әкімдіктерде байланыс телефонын, сымсыз интернет желісін орнату туралы тиісті ұсыныс берілді. Яғни, ұсыныс қолдау тапса, кез-келген азамат телефон және wi-fi қызметін қолдана алатын болады.
Мұндағы мақсат – әкімдіктерді «safe zone» жасау, қоғамдық бақылауды күшейту, кез – келген ситуацияда адамдар бірінші кезекте әкімдікке баратын жағдай жасау екенін айтып баспасөз жиынын қорытындылады.
Айта кетейік, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысын оңтайландыруға бағытталған ұсыныстар мен пікірлерді 13regiontaa@gmail.com электронды поштасына немесе +7778 949 66 26 байланыс нөміріне жолдауға болады.