50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығы биыл қала күні қарсаңында ашылған
Түркістан облысында ерекше күтімді қажет ететін балаларға жаңа жылдық шырша ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жаңа жыл – әр баланың жыл бойы асыға күтетін басты мерекесі. Айтулы мерекеге орай, Түркістан облысы, Арыс қаласында орналасқан «Danis» коррекциялық дамыту орталығында ерекше жағдайдағы балалардың жаңа жылдық шыршасы өтіп, оларға қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың сыйлықтары табысталды.
Думанды шараға келген бүлдіршіндерді қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары сомдаған ертегі кейіпкерлері қарсы алды. Жүздерінде нұр ойнаған балапандар жылдың бас кейіпкері Аяз атаны үлкен қошеметпен қарсы алды. Керемет көңіл күй сыйлаумен басталған шырша барысында балалар көптеген кереметтерге кенелді. Аяз ата мен Ақшақар балаларға сыйлықтар таратып, қызықты қойылымдар қойылды. Мерекелік кеште барлық бала өз өнерлерін көрсетті.
Қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов ерекше күтімді қажет ететін балаларға шаһар басшысының жаңа жылдық құттықтау лебізі мен сыйлықтарын табыстады.
«Санаулы күндерден соң, есігімізден жаңа 2023 жыл енбек. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген шырша мерекесін биыл ерекше күтімдегі балғындардан бастауды жөн көрдік. Биыл тұрғындар өтінішіне сәйкес, қала әкімі Гүлжан Мамытқызы осындай орталықтың ашылуына ықпал еткен болаты. Келер жаңа жыл – ойға алған арман-мақсаттарыңыз орындалар жыл болсын. Балғындарымыз қиындықтарға мойымай, болашақта өмірден өз орындарын табуын тілеймін», – деді қала әкімінің орынбасары.
Кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап, олар жасыл шыршаның жанында ән шырқады.
Айта кетейік, 50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығы биыл қала күні қарсаңында ашылған болатын. Мұнда тілі мен құлағында мүкісі бар немесе ақыл-ой дамуында ауытқушылық байқалатын балалар мен жалпы дамуы кешеуілдеген, арнайы мамандар көмегін қажет ететін балалардың өсіп-жетілуі үшін барынша жағдай жасалған.