ТҮРКІСТАН: Ғылыммен ұштастырып мол өнім алудың тиімді жолдары түсіндірілді

0
1 189

Алматы қаласындағы Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтымен бірлесе отырып жұмыс жасалуда.


ТҮРКІСТАН: Ғылыммен ұштастырып мол өнім алудың тиімді жолдары түсіндірілді

«Отырар ауданындағы суармалы тұзданған топырақтардың құнарлылығын және жүгері дақылының өнімділігін арттыруда жаңа инновациялық технологиясын қолдану» атты далалық семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кезінде жүгері өнімін өндіруде алдына жан салмаған отырарлық шаруалардың даңқы жер-жерді шарлап, ауданымыз «жүгерінің отаны» аталып кеткен еді. Әрине, сол жылдары егіннен ең көп өнім алған еңбек адамдары үлкен құрметке ие болып жататын.

Араға жылдар салып отырарлық шаруалар жүгері дақылын егуді қайта қолға ала бастады. Мұның себебі ауданымызда сорланған, тұзданған жерлерді игеруде жаңа инновациялық технологияны қолданудың тиімділігінде жатыр. Осыдан екі жыл бұрын жердің сорлануы, тұздануы секілді өзекті мәселелер еңбеккерлердің еңбегін еш кетіріп келген еді. Алматы қаласындағы Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтымен бірлесе отырып жұмыс істеудің арқасында шаруалардың ісі алға баса бастады.

Бүгін «Отырар ауданындағы суармалы тұзданған топырақтардың құнарлылығын және жүгері дақылының өнімділігін арттыруда жаңа инновациялық технологиясын қолдану» атты далалық семинар өтті. Семинар барысында ғылыммен ұштастыра отырып, мол өнім алудың тиімді жолдары мен мүмкіндіктері жайында кеңінен әңгіме өрбіп, облысымыздың әр өңірінен келген шаруалар өзара тәжірибе алмасты.

Семинарға арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдіғали Жүнісов өтіп отырған шараның аудан шаруалары үшін маңызы зор екендігін айта келе жаңа инновацияға негізделген еңбектің нәтижесі де жоғары болатынын тілге тиек етті.
Семинарда Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АШҒА академигі А.С.Сапаров, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.А.Сыздық, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты М.А.Ибраев, жоғарыда аталған институттың топырақ географиясы, генезисі және оны бағалау бөлімінің меңгерушісі К.М.Пачикин, Тұзданған топырақтарды мелиорациялау бөлімінің меңгерушісі М.Пошановтар көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.

Жүгері өнімін арттыруда ғылымның үлесі зор екендігін жақсы білетін шаруалардың бірі «Нұрбек және Б» шаруа қожалығының иесі Болат Пазылбеков. Ол биыл 7,5 га. жерге жүгері дақылын, 2,5 га. жерге жоңышқа еккен.

«Өткен жылы әр гектардан 7 тоннадан жүгері өнімін алдық. Биыл бұл көрсеткішті гектарына 10 тоннаға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі ғылымға негізделген еңбектің арқасы»,-дейді Болат.

Жалпы Отырар ауданында шаруалар 33 мың га. жерге түрен салған болса, соның 11 мың гектардан астам жеріне жүгері дақылдарын еккен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше жылдан-жылға жүгері дақылын егуге ниет білдірген шаруалардың саны артып келеді.