ТҮРКІСТАН: «Ісмер ана» жобасы жемісін беріп жатыр (видео)

0
779

Жоба әйелдерді бизнеске баулуға арналған.


ТҮРКІСТАН: «Ісмер ана» жобасы жемісін беріп жатыр (видео)

Түркістан облысында басталған «Ісмер ана» жобасы жемісін беріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Естеріңізде болса, 2022 жылы Түркістандағы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубының бастамасымен үйде отырған жұмыссыз әйелдерді кәсіпке баулу мақсатында «Ісмер ана» жобасы іске қосылған болатын.


Аталған жоба басталғалы бері өңірдің әр аумағында тиісті іс-шаралар жүргізіліп, 72 сағаттық сабаққа қатысқан жүздеген қыз-келіншек тігіншіліктің қыр-сырына қанық болған.


Курстан өткендердің арасында өз ойын іске асырып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер де аз емес. Солардың бірі – түркістандық Жанболатова Жәудір. Ол «Оқушылар сарайына» 2022 жылдың қыркүйек айында қызын үйірмеге жаздыру үшін барған. Сол сәтте көпбалалы, жұмыссыз аналарға тігін курсын тегін үйрететін «Ісмер ана» жобасы бар екенін біліп, жазылып кеткен екен.


«Қыркүйек айынан бастап, 72 сағаттық «Ісмер ана» жобасына қатыстық. Ол жерде бізге Баян Утепова тәлімгер болды. Курс барысында шапан, құрақ және т.б. дүниелерді тігуді үйрендік. Жоба барысында «Атамекен» ұлттық палатасының қызметкерлері грант, шағын грант бойынша түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. «Оқушылар сарайының» директоры Индира Сарқытқызы бізді жәрмеңкелерге, іс-шараларға шақырып тұрады. Қазіргі таңда қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері мен қыз жасауын тігіп, сатып жатырмын», - дейді ол.


Айта кетсек, аталған жобаға көпбалалы, жұмыссыз және зенетке шыққан аналар қатысып, тігіншілік пен мемлекеттік қолдауға ие болу жайлы тереңірек үйрене алады. Ал, курстан өткеннен кейін кәсібін дөңгелетіп, мол табысқа жетуі өз қабілеттеріне байланысты.