ТҮРКІСТАН: Қайыпназар Әйтпеновтың 125 жылдығына орай өнер фестивалі өтті

0
123

Елімізге белгілі жыршы-термешілер ақынның шығармаларын орындады.


ТҮРКІСТАН: Қайыпназар Әйтпеновтың 125 жылдығына орай өнер фестивалі өтті

Жетісай драма театрында «Қара сөздің зергері – Қайыпназар» атты жыршы-термешілердің облыстық өнер фестивалін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Халық ақыны, жыршы-термеші, дәстүрлі өнердің алып бәйтерегі Қайыпназар Әйтпеновтың 125 жылдығына орай Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында «Қара сөздің зергері – Қайыпназар» атты жыршы-термешілердің облыстық өнер фестивалін өткізді.


Шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасарлары Серік Пірімбеков пен Нұркен Әлмеш, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Қайыпназар ақынның шәкірттері мен ағайын-туыстары, жергілікті тұрғындар қатысты.


Айтыскер ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев жүргізген фестивальде Елікбай Исаев, Абылай Бөріханов, Әбдіғаппар Айдаров, Жақып Спатаев, Дана Ибрагимова, Құнанбай Байтенов, Алмас Байсейітов, Аязбек Рүстемов, Мұхамедәлі Бекпейісов, Сапаркүл Айдарова және Жарқынбек Қалмұратов сынды елімізге белгілі жыршы-термешілер ақынның шығармаларын орындады.


1900-1975 жылдар аралығында өмір сүрген Қайыпназар Әйтпенов қазақтың айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ел есінде қалған өнер тарланы, халық ауыз әдебиетін, шешендік өнерін насихаттаушы, жыршылық дәстүрдің жалғастырушысы. Бүгінде ақын шығармашылығы ұлттық өнеріміздің қазынасына айналып, кейінгі ұрпаққа рухани азық болып келеді.


Әдеби-сазды танымдық кеш барысында қазақтың арқалы ақындары, «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов, жас ақындар Ахметрасул Баянбай мен Бибігүл Тілеболдинова сахна төрінде тартысты айтыс өткізіп, жұртшылыққа рухани тарту жасады.


Сонымен қатар аудандық орталық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері Қайыпназар Әйтпеновтың өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыру және елдік мұраның құндылығын дәріптеу мақсатында ақынның айтыстары, халық ауыз әдебиетінен жинаған мұралары мен зерттеушілердің еңбектерінен көрме ұйымдастырды.


Фестиваль соңында барлық қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар жасалып, ұйымдастырушылар тарапынан қазақы домбыралар тарту етілді.


Бөлісу