Түркістан қаласына 10 жаңа автобус жеткізілді

0
958

Қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар.


Түркістан қаласына 10 жаңа автобус жеткізілді

Түркістан қаласына тағы 10 жаңа автобус жеткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына биыл 5 жыл толды. Бұл орайда, Түркістан қаласында қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр. Таяу уақытта тағы 10 жаңа автобус халық игілігіне берілмек.


Жаңартылған қоғамдық көліктер салқындатқыш жүйесімен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен қамтылған. Осы ретте, «Жолаушы» автопаркінде БАҚ өкілдеріне «Youtohg» және «Isuzu le 60» автобустарының техникалық жағдайы таныстырылды. Шараға арнайы қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қоғамдық көліктердің техникалық мүмкіндіктерін зерделеп, мамандармен пікірлесті.


«Жолаушы» ЖШС мекемесі 1966 жылдан бері Түркістанда жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Қазіргі уақытта мекемеде 210 автобус 20 бағыт бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Оның 76-сы сыйымдылығы жоғары автобус болса, 134 данасы жалдамалы шағын автобустар.


Мекеменің атқарушы директоры Бекжан Нұржауовтың айтуынша, биыл жалпы сыйымдылығы жоғары 60 автобус сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 23-і алынып, №2 А, 5, 5 А бағыттары бойынша жолаушыларды тасымалдап жатыр. Мекеме басшысы жыл соңына дейін №4, 4 А, 3 бағыттарындағы автобустардың жаңартылатынын, кесте саны толықтырылатын атап өтті.


Сондай-ақ, мұнда жұмыс сапасын жақсарту және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан ҚПБ-мен бірлесе жұмыс атқарып, қалта ұрлығының алдын алу, жүргізушінің жол қауіпсіздік ережелерін сақтауын, жүргізушінің қызметін бақылау үшін әр автобусқа 3 бейнекамерадан орнатылған.


Айта кетсек, Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бұл бағыттарға «Жолаушы» ЖШС-і және «ТехПрофАвто» ЖШС-і мекемелері қызмет көрсетеді. Екі мекеме жыл басынан бері сыйымдылығы жоғары жаңа 29 автобус алып, қолданысқа енгізді.