Түркістан қаласында жаңадан 8 медициналық мекеме ашылады

0
1 500

Жансейіт Түймебаев колледж студенттерін сапалы білім алып, алдағы уақытта Түркістан қаласында жаңадан ашылатын 8 бірдей медициналық мекемеге жұмыс істеуге шақырды.


Түркістан қаласында жаңадан 8 медициналық мекеме ашылады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркістан облысына арнайы іс - сапармен келді. Министр облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен бірге Түркістан қаласындағы бірқатар емдеу мекемелерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медицина қызметкерлерімен кездескен еліміздің бас дәрігері Президент жолдауының негізгі міндеттерін жан-жақты түсіндіріп, медицина саласын жандандыру мақсатында алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті.

«Елбасы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында денсаулық сақтау саласын назардан тыс қалдырған емес. Азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануын қалаған Мемлекет басышысы, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әсіресе ауылды жерлерге дейін қолжетімді болуын қамтамасыз ету керектігін айтқан. Яғни, медициналық орталықтардың техникалық базасын көтеріп, дәрігерлердің біліктілігін арттыруымыз қажет. Жаңа технологияны көбейту, учаскелік дәрігерлердің мойнына артылған жүкті жеңілдету, сандық технология және электронды жүйеге толықтай көшу арқылы еліміздің медицинасы дами түседі. Алдағы уақытта телефонмен дәрігерден кеңес алуға жетуге мүмкіндік берелі», – деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, министр жоғары медициналық колледждің жұмысымен танысты. Еліміздегі ең үздік колледж атанған білім ордасының техникалық базасы заманауи қондырғылармен толық жабдықталған. 1965 жылы негізі қаланған білім ошағында бүгінде 2,5 мыңға жуық студент білім алуда.

Кездесу барысында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев колледж студенттерін сапалы білім алып, алдағы уақытта Түркістан қаласында жаңадан ашылатын 8 бірдей медициналық мекемеге жұмыс істеуге шақырды.

- Бүгін де министрлікпен бірлесіп денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырғалы отырмыз. Яғни, облыс орталығында жаңадан ауруханалар мен емханалар салынады деп жоспарлануда. Одан бөлек, келешекте халықаралық деңгейдегі жаңа аруханалар пайда болады. Себебі, Түркістан қаласы туристік орталыққа айналатын болады. Бұл бағытта Елбасымыз нақты тапсырмалар бергенінен хабардарсыздар. Демек, сіздер үшін көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонда өздеріңіздің алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді халықтың игілігі үшін пайдаланыңыздар», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сонымен қатар, министр қалалық емханасына да ат басын бұрды. 2013 жылы ашылған 500 орынға шақталған. Бүгінде емдеу мекемесіндегі қызмет көрсету процесі 100 пайыз сандық жүйеге көшкен. Елжан Біртанов осы жүйені өзге мекемелерге үлгі ету керектігін жеткізді. Яғни, келесі жылдан бастап, барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге міндеттелген. Бұл азаматтардың денсаулық сақтау кітапшаларының электронды нұсқада жасауға, емдеу мекемелердегі ұзын-сонар кезектерді жойылуына, бюрократиядан арылуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін айтады денсаулық сақтау министрі.