ТҮРКІСТАН: Қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өсті

0
733

Мемлекет басшысы Жолдауында зейнетақы мен жәрдемақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырма берген.


ТҮРКІСТАН: Қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өсті

2023 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы 10,5 пайызға, жәрдемақы 8,5%-ға өсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында зейнетақы мен жәрдемақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырма берген еді. Осыған орай, 2023 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы 10,5 пайызға, жәрдемақы 8,5%-ға өсті. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысының Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев айтты.


«Биылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері екі тәсілмен көбейтілді. Біріншісі, алып жүрген зейнетақылары 10,5%-ға көбейтілсе, екінші тәсіл бойынша зейнеткерлердің орташа айлық табыстарына байланысты көбейтілді. Яғни, орташа айлық табыстары жоғары болса олардың зейнетақылары да көбірек болады. Ал, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына, сондай-ақ күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты көбейеді. Жәрдемақылар жалпы 8,5% көлемінде өсті», - деді Руслан Кәрібайұлы.


Спикердің сөзінше, ең төменгі зейнетақы – 53 076 тг, ал ең төменгі жалақы - 70 мың теңге. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі - 40 567 тг және базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 тг болып белгіленген.


Сондай-ақ, бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды. Ал, әйелдердің зейнеткерлік жасы 5 жыл көлемінде 61 жас деңгейінде тоқтатылды. Яғни, осы жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы - 61 жас. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданған.


Брифинг барысында Руслан Тұңғышбаев департамент тарапынан атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды.


«Өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік қорғау саласы бойынша жалпы 160 745 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осы ретте заңнама талаптарының сақталуына 149 мемлекеттік бақылау жүргізілді. Тексеру қорытындысымен 137 нұсқама беріліп, 107 лауазымды тұлғаға жалпы 8 млн 545,8 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 94%-ы өндірілді. Ал, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау жұмыстары бойынша барлығы 346 333 электрондық іс-құжат қаралып бекітілді. Оның 150 745-і - жаңадан тағайындалғандар, ал 190 988-і - қайта қаралғандар. Сондай-ақ, 95 зейнетақы мен жәрдемақы және 4505 мемлекеттік кепілдеме төлемін тағайындаудан бас тартылды», - деді департамент басшысы.


Сонымен қатар, 24 746 адам қайта куәландырылды. Оның ішінде, 20 218 адам мүгедек деп танылды. Ал сырттай куәландыру проактивті мемлекеттік қызмет көрсетудің пилоттық жобасын іске асыру аясында 5 605 азаматқа сырттай түрде қызмет көрсетілді.