ТҮРКІСТАН: «Қазақтану жобасы – қоғамның ұйытқысы» тақырыбында жиын өтті

0
403

Қазақтану жобасы бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.


ТҮРКІСТАН: «Қазақтану жобасы – қоғамның ұйытқысы» тақырыбында жиын өтті

Түркістанда «Қазақтану жобасы – қоғамның ұйытқысы» тақырыбында жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Басқармалар үйі» ғимаратында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қазақтану жобасы – қоғамның ұйытқысы» тақырыбында жиын өтті. Алқалы басқосуға қаланың зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Ассамблея жастары және жастар қанатының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов модераторлық етті.


«Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан халқын шоғырландыратын ортақ құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан жұртшылығының бойында біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын дәріптеуге, сондай-ақ Қазақстан этностарының арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілетуге бағдарланған», - деп атап өтті Е. Баетов.


Жиын барысында зиялы қауым өкілдері мен ұстаз-ғалымдар еліміздегі этносаралық қатынастардың бірегей үлгісінің жүзеге асырылуы туралы ой қозғады. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, филиология ғылымдарының докторы Сейдолла Садықов, ХҚТУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазретәлі, ХҚТУ-дің гуманитарлық ғылымдар факультеті, білім технологиясының доценті Гүлсара Тоққұлова сөз сөйлеп, елдікті нығайту бағытында тұшымды баяндама жасады.


Сондай-ақ, мемлекеттік тілді ұлт бірлігінің басты факторы ретінде нығайту және жастар тәрбиесінің бүгіні мен болашағы туралы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Есалы Нұржанов, Ассамблея жанындағы құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бақытжан Әшірбаев, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Пернетай Қамбарұлы салиқалы сөз қозғап, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.


Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов Қазақтану жобасы бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасатындығын жеткізді.