Биыл 100,9 мың га егістіктің 94 мың гектары игерілді.
Қазығұрт ауданының диқандары биылғы жиын-терім науқанын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының диқандары биылғы жиын-терім науқанын бастады. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қ.Әбдәлиев ауыл округіндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативінде болып, орақ науқанының барысымен танысты.
Қазіргі уақытта комбайндар алтын дәнді қамбаға құюда.
«Үшбастау» ӨК егіс алқабынан 1 гектардан 25 центнер астық алу жоспарлануда. Жалпы, аудан бойынша өнім көлемі орташа деңгейден жоғары болады деп күтілуде. Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығына арналған 275,3 мың гектар жер бар.
Оның ішінде:
• 100,9 мың га – егістік;
• 133,6 мың га – жайылым;
• 30,9 мың га – шабындық;
• 13,5 мың га – суармалы алқап.
Биыл 100,9 мың га егістіктің 94 мың гектары игерілді. Ауданда 43,9 мың га аумаққа – бидай, 6,4 мың га – арпа, 8 025 га – мақсары және 33,6 мың га жерге жоңышқа, жүгері, көкөніс, бақша өнімдері және басқа да дақылдар егілген.
Көктемгі дала жұмыстарына 5 448 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, шаруалар толық қамтылды. «Ырыс» микроқаржылық ұйымы арқылы 30 шаруа қожалығы 364 млн теңге көлемінде 5% несиемен қолдау алды.