Пневматикалық қарудан оқ ату жарысы өтті.
Қазығұрт ауданында Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған іс-шара кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің алдына жиналған қауым жат елде мерт болған және елге оралып қайтыс болған ардагерлер рухына тағзым етті. Ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштады. Жалпы, Ауған соғысына Қазығұрт ауданынан 104 азамат қатысып, 4 жауынгер әскери қанды қақтығыс кезінде қаза тапқан.
Ардагерлерді ардақтау аудандық мәдениет сарайында өз жалғасын тапты. Аудан әкімі А.Абдуллаев ұрыс даласында оқ пен оттың ортасында жүріп, елге аман оралған ардагерлерді марапаттап, құрмет көрсетті. Мәдениет майталмандары арнайы сахналық қойылым қойып, көрерменнің көңілін толқытты.
Сондай-ақ, «Болашақ» мектеп гимназиясында ауған соғысының ардагері Мамадияр Салтаевты еске алуға арналған облыстық турнир өткізілді. Пневматикалық қарудан оқ ату жарысы тартысты өтті.