Құрылысшылардың дені жергілікті мамандар.
Келес ауданында бүгінгі таңда 10 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданында бүгінгі таңда 10 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы Ұлттық пилоттық жобасы аясында 3 мектептің құрылысы биыл басталып, құрылыс жұмыстары қарқынды іске асырылуда. Осы орайда, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағында құрылысы жүріп жатқан нысандарда болып, құрылыс барысы мен сапасын бақылады.
Ең алдымен Абай ауылында салынып жатқан білім нысанына барған аудан басшысы мердігерлермен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының іргетасы құйылуда. Онда 50 құрылысшы еңбек етуде. Құрылысшылардың дені жергілікті мамандарды құрайды. Нысан келер жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Аудан басшысы аталған білім нысаны жанынан құрылысы жүріп жатқан спорт комплексінің құрылысымен де танысты. Қазір ғимараттың бетон қабырғалары тұрғызылып, қажетті коммуникация жүйелері тартылуда. Сонымен қатар аудан әкімі Абай ауылындағы Асан қайғы көшесінің солтүстік беткейін арбатқа айналдыру үшін қажетті шараларды атқаруға жауапты мамандарға тапсырма жүктеді. Бұл аумақтан ел игілігі үшін музей, жас буынды дамыту орталығы сынды нысандардың құрылысы жүргізілмек. Қазіргі таңда 300-ге тарта ағаш көшеттері отырғызылып, күтіп баптау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ошақты елді мекеніндегі Абай атындағы жалпы орта мектебі мен Бесқұбыр елді мекеніндегі С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектептеріне қосымша 300 орындық оқу корпусы, асхана, спорт зал құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен бірге Жиделі ауылында 300 орындық мектеп пен мәдениет үйінің құрылысы басталса, Ақтөбе ауылдық округіндегі Көгерту ауылынан 300 орындық білім нысанының құрылысы жүргізіледі. Ал Абай ауылы мен Алпамыс батыр ауылдық округінің орталығынан әкімшілік ғимаратының құрылысы биыл аяқталады деп межеленіп отыр.