ТҮРКІСТАН: Келес ауданында ортақ жайылым жер 10 050 гектарға ұлғайды

0
819

Қосымша меморандуммен 250,0 мың гектар жер бойынша келісім шарттар түзілген.


ТҮРКІСТАН: Келес ауданында ортақ жайылым жер 10 050 гектарға ұлғайды

Келес ауданы, Бозай ауылдық округінде ортақ жайылым жер 10 050 гектарға ұлғайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесуде. Белгіленген кестеге сәйкес, Бозай ауылдық округіне барған аудан басшысы жергілікті тұрғындардың сұрағына жауап берді.


«Жыл басында өздеріңізбен кездесіп, маңызды мәселелер көтерілген болатын. Атап айтсам, Бозай ауылдық округі Бозай-Тентексай елді мекендерін табиғи газбен қамту мәселесі бойынша Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау ауылдық округінен АГРС құрылысы жоспарлаған болатын, бірақ бүгінгі күнде АГРС құрылысы үшін үлкен қаржы талап етіліп отыр, сол себепті Шардара ауданынан Жамбыл және Бозай ауылдық округтеріне газ магистралін тарту жоспары да қосымша қаралып жатыр. Бозай елді мекенін ашық спорт алаңшасын салуға жер телімі белгіленіп, мемлекеттік актісі алынған. Өткен жолы келгенде көріп, танысып көз жеткіздім, онда ауыл жастары бірігіп жабық спорт алаңын салып жатыр екен. Ашық спорт алаңшасының іс-құжаттары дайын, аудан бойынша кезегімен істеп отырмыз. Ал Тентексай елді мекеніндегі №58 Ы.Алтынсарин мектебіне қосалқы ғимарат құрылысын жүргізу ауданда салынатын алты мектептің бірі болып жоспарға енгізілген. Бұл бойынша жұмыстар жүргізіліп, менің бақылауымда тұр», - деген аудан басшысы көтерілген мәселелерді шешу бойыша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде екенін атап өтті.


Тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің бірі – жайылым жер. Бозай ауылдық округі бойынша жайылым жерлерді мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерді ауданының арнайы жер қорына қайтару бағытында нақты шаралар атқарылып, бүгінгі күнде округ бойынша ортақ жайылым 10 050 гектарға ұлғайтылған. Қосымша меморандуммен 250,0 мың гектар жер бойынша келісім шарттар түзілген.