Тың идеяларға қашанда қолдау табылады.
Келес ауданында қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданы әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Жеке қабылдауда болған тұрғындардың басты сұрағы жер мәселесінде болды. Тиісті бөлім басшыларымен мәселелердің шешілуі жолы қарастырылып, арыз иесіне және аудан әкімі аппаратына жазбаша жауап берілуін тапсырды.
Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекенінің тұрғыны Анапия Умеркулова кәсіппен айналасуы үшін жер және субсидия мәселелері жөніндегі сұрақтарын жолдады.
«Қазіргі таңда ауданымызда кәсіппен айналысу үшін тиімді жобалар жүзеге асуда. Өзіңіз қойған сауал бойынша егін егу үшін жерді мемлекеттен жалға алып, кәсібімді дөңгелетемін десеңіз біз сізге көмектесеміз. Қазіргі заң талаптары негізінде елді мекеніңіз аумағындағы бос жер болса біз конкурсқа қоямыз. Ол жерді жеңіп алуға сізге басымдық беріледі. Биылғы жылы қабылданған заң талаптары мұны көтереді. Сол жұмыстарды бастасаңыз тиісті субсидияға қол жеткізе аласыз. Ол бойынша тиісті бөлімдер консультация береді», - деген Абай Данабекұлы тың идеяларға қолдау қашанда табыларын жеткізді.
Қабылдауда айтылған мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатын болды. Атқарылған жұмыстар бойынша арыз иесіне жауап беріледі.