ТҮРКІСТАН: Келесте әлеуметтік жобалардың орындалу барысы пысықталды

0
55

Балабақша ұжымы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізіп, тиісті қолдау көрсетуді сұрады.


ТҮРКІСТАН: Келесте әлеуметтік жобалардың орындалу барысы пысықталды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Жүзімдік ауылдық округінде бой көтеріп жатқан 149 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдері нысандағы құрылыс жұмыстарының кезеңдері туралы мәлімет беріп, жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Одан кейін аудан орталығындағы №13 колледждің материалдық-техникалық базасы мен білім беру үдерісі қаралды. Сондай-ақ реновациядан өткен №4 Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы орта мектептің жағдайы таныстырылып, жаңартылған оқу ордасының мүмкіндіктері көрсетілді.

Жұмыс сапары барысында Абай ауылында салынып жатқан жаңа буынды дамыту орталығы, аудандық мұражай және арендалық екі қабатты сегіз тұрғын үйдің құрылыс алаңдары аралады. Әрбір нысан бойынша құрылыс қарқыны, сапасы және белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері сараланды.

Облыс әкімінің орынбасары Абай ауылындағы №1 «Күншуақ» бөбекжай-бақшасына да арнайы барып, мекеменің қазіргі жағдайымен танысты.

Балабақша ұжымы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізіп, тиісті қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде Еркебұлан Дауылбаев жауапты сала басшыларына көтерілген мәселені зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған елді мекеніндегі білім беру нысандарының жағдайымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары №45 бастауыш мектептің қазіргі жай-күйін көрді. Елді мекенде жаңа мектеп салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың баяндама жасады.

Еркебұлан Дауылбаев жауапты сала басшыларына жаңа мектеп құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды, сондай-ақ жобаны қаржыландыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жұмыс сапары аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжіліспен қорытындыланды. Жиында аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, құрылыс нысандарының орындалу барысы, білім беру және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындар көтерген мәселелерді жүйелі түрде шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Бөлісу