ТҮРКІСТАН: Келестіктер ауылды көркейтуге үлес қосып жатыр

0
590

Жалпы жоспар бойынша 25 300 дана ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Келестіктер ауылды көркейтуге үлес қосып жатыр

Келес ауданында күз айларында 15 мыңнан аса ағаш көшеті егілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елдімекендерді көгалдандыру, жасыл алқапты молайту бағытында тапсырмалар жүктеп, ағаштарды отырғызып, күтіп-баптау және күзгі маусымдық ағаш көшеттерін отырғызуға дайындық жұмыстарын ширатуды тапсырған болатын. Бүгінде осы бағытта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың бастамасымен аудан аумағында күз айларында 15 мыңнан аса ағаш көшеті егілді.


Жалпы жоспар бойынша 25 300 дана ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Қоршаған ортаны көгалдандыру ісіне ауыл тұрғындары да атсалысып жатыр. Солардың қатарында көше тұрғындары бар. Атап айтсақ, Абай ауылындағы Күләш Байсейтова көшесінің тұрғындары 200 дана шыршаның қаламшасын өсіріп, бүгінгі таңда көше жиегіне қондырды.


«2021 жылы көршілермен ақылдасып, көшемізге біркелкі етіп шырша егейік деп шештік. Шамамен 100-ге жуық шырша егу керек болды. Біз сол кезде қаржы жағынан ең тиімді арзан жолды таңдадық. Яғни 200 дана шыршаның қаламшасын 30 теңгеден 6000 теңгеге сатып алып, бір үйдің артына 4 арыққа егіп қойдық. Ол кезде қаламшаның бойы 10 сантиметр еді. 2 жарым жыл күтіп-баптап бойы 1,5 метр болған кезде биылғы жылдың қараша айында дайын көшетті көшемізге отырғыздық. Қазіргі таңда көшеге шамамен 60-70 шырша көшетін ектік. Мұнымен жұмыс аяқталған жоқ. Алдағы уақытта жалғасын табады. Бұл көшеттердің түп алып көгеріп кетуі үшін тағы 1-2 жыл жақсы күтім керек», – дейді көше биі Базарбай Тұрлыбеков.


Ауыл белсендісі ауыл тұрғындарын көп қаражат кетірмей көшелерінің көркін кіргізіп саялы, жасыл мекенге айналдыруға болатынын айтты.