ТҮРКІСТАН: Кентау қаласындағы мәселелер талқыланды

0
92

Жол сапасын жақсартып, инвестиция тартуды және қаладағы туризмді жандандыруды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Кентау қаласындағы мәселелер талқыланды

Кентау қаласының инфрақұрылымы жақсарып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласына іссапары аясында инфрақұрылымдық мәселелерді талқылау бойынша жиналыс өткізді. Онда қаладағы өзекті мәселелер қозғалып, шешу жолдары қаралды. Онда ауыз су, кәріз жүйесі, электр желісі, газдандыру, жылу қазандықтары, санитарлық тазалық жұмыстары, тұрғын үй аулаларын абаттандыру, қала тұрғындарын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үйлерді жаңғырту мәселелері талқыланды.


Қала әкімі Жандос Тасов өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады. Өткен жылдың қорытындысымен 18 000 абоненттің 15 319-ы табиғи газ жүйесіне қосылды. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100 % ауызсумен қамтылып, тағы 2 жоба әзірленуде. Ал кәріз жүйесімен қала тұрғындарының 78,1 %-ы, электр желісімен толық қамтамасыз етілген. Былтыр 120 тұрғынға пәтер берілді. Одан бөлек, бірқатар жобалар талқыланып, жан-жақты қаралды.


Жиналыс барысында Зұлпыхар Сансызбайұлы Кентаудың даму әлеуеті зор екенін айтып, жол сапасын жақсартып, инвестиция тартуды және қаладағы туризмді жандандыруды тапсырды.


– Бүгін біз Кентау қаласындағы өзекті мәселелерді талдауға және оларды шешу жолдарын қарыстыру үшін жиналып отырмыз. Қалада шешімін таппаған мәселелер бар. Кентау өндіріске бейімделген. Қала таулы әрі экотуризмді дамытуға қолайлы. Сондықтан туризмнің дамуына тың серпін беретін жобалар әзірлеп, ұсыныңыздар. «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша жұмыс жүйелі түрде жалғасын табуы тиіс. Көктемге дайындық жұмыстарын пысықтаңыздар. Су басу қаупі бар көшелерге арық жүйелерін орнатып, алдын алу жұмыстарын жүргізіңіздер. Инвестиция тартуда үздіксіз жұмыстар істелуі керек. Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары басқарма басшыларымен бірлесе жұмыстар атқаруды жүктеді.


Жиын барысында тұрғын үй, жол, кәріз, санитарлық тазалық, туризм салаларын дамыту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралып, баяндамалары тыңдалды.


Сонымен қоса Кентау қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, қаладағы өзекті мәселелерді саралады. Олардың басым бөлігі туристерге жағдай жасау, қаланы жарықтандыру, орталық аллея және спорт кешенін салу, қалада бос тұрған ғимараттарды халық игілігіне тапсыру, көгалдандыру жайын қозғады. Ұсыныстарды мұқият тыңдаған облыс басшысының бірінші орынбасары жауапты мамандар мен сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Депутаттар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер хаттамаға түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.