Жалпы, мұндай өндірістер өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Кентаудағы кәсіпорын пластик қалдықтарды өңдеп, экспортқа шығарып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ТҚҚ) басқару және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда ТҚҚ өңдеу зауыттарын салуды жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 36 мекеме қоқыс жинау және тасымалдаумен айналысса, 15 кәсіпорын қоқысты сұрыптау, 5 кәсіпорын қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуде.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды.
Пресс-тур барысында журналистер Кентау қаласында орналасқан «Қаратау Полимер» ЖШС-нің өндірістік қызметімен танысты. Кәсіпорын 2016 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Компанияның басшысы – кәсіпкер Ұлықбек Рахымжанұлы. Негізгі бағыты – пластик қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеп, шикізатқа айналдыру.
Кәсіпорын тұрмыстық пластик қалдықтарды, соның ішінде пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып қана қоймай, өндірілген өнімді экспортқа шығару арқылы экономикалық тиімділікке қол жеткізіп отыр. Жеке кәсіпкердің демеушілігімен жүзеге асырылған жобаның жалпы құны 100 млн. теңгені құрайды.
Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы 1 500 тоннаны құрайды. Бүгінде «Қаратау Полимер» ЖШС-інде 20-дан астам қызметкер еңбек етеді. Компания өнімдері Ресей Федерациясына экспортталады.
– Алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа цех ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпорын басшысы Ұлықбек Рахымжанұлы.
Жалпы, мұндай өндірістер өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, «Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары» аясында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру көрсеткіші бекітілген. 2025 жылы облыс бойынша 87 552 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 27 140 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Нәтижесінде қайта өңдеу үлесі 31 пайызды құрап, жоспар толық орындалды. Ал биыл бұл көрсеткішті 33 пайызға жеткізу көзделіп отыр.


