ТҮРКІСТАН: Халықаралық көрме-жәрмеңкеге 100-ге жуық компания өкілдері қатысады

0
1 382

Агротуризмді дамытуға үлес қосады.


ТҮРКІСТАН: Халықаралық көрме-жәрмеңкеге 100-ге жуық компания өкілдері қатысады

20-22 наурыз аралығында Түркістан қаласында алғаш рет Халықаралық сауда көрме-жәрмеңкесі өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов мәлім етті.


Оның айтуынша, 20-22 наурыз аралығында Түркістан қаласында алғаш рет «KazAgro/KazFood Turkistan2023» I Халықаралық сауда көрме-жәрмеңкесі өткізіледі.


«Түркістан облысы елімізде аграрлық өңірлердің қатарына жатады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Наурыз мерекесі қарсаңында әрбір іс-шараны жоғарғы деңгейде және осы көрмені жыл сайын Түркістан қаласында өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Биыл үш күнге созылатын көрме-жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі бойынша 15-ке жуық меморандум жасалады. Сондай-ақ шарада үздік киіз үйлер мен жетістіктер стендтеріне ауқымды өңіраралық конкурстар ұйымдастырылмақ. Аталмыш көрме-жәрмеңкеде отандық тауар өндірушілер мен сауда объектілерінің тікелей өзара іс-қимылына бағытталған «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасы ұсынылмақ. Айта кетерлігі, жалпы бұл ауқымды көрме демеушілер тарапынан өткізіледі», - деді Нұржігіт Назарбекұлы.


Сонымен қатар, шараға Ресей, Өзбекстан, Қытай, Голландия сынды отандық және шетелдік 100-ге жуық компания өкілдері қатысады. Осы көрме аясында қатысушылар іскерлік байланыстар орнатып, бизнес-келісімшарттар жасай алады.


«Көрме-жәрмеңке ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің өнімдері мен қызметтерімен таныстыру және сату мақсатында ұйымдастырылуда. Көрме-жәрмеңке шеңберінде ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін дамыту саласындағы жаһандық тақырыптарға арналған форум ұйымдастырылады. Жалпы осы көрме-жәрмеңкеге 3000-ға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, шара барысында түйе шеруі, көкпар ат спорты ойыны, этноқалашық, гастрофестиваль, концерттік бағдарламалар мен шоулар өтеді. Одан бөлек, спорттық бағдарламалар мен ұлттық ойындар, қасиетті орындар мен кесенелерді аралау және шығыс тағамдарының дәмін тату, қолөнер шеберханаларымен танысу сияқты іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар жалпы туризм мен агротуризмнің дамуына оңынан ықпал етеді. Сондай-ақ, мерекеге орай «Керуен сарай» кешенінде 30 киіз үй тігіліп, мерекенің мән-маңызын арттырмақ», - деді шараны ұйымдастырушы, «ExpoGroup» компаниясының директоры Шолпан Қожабаева.


Көрме кординаторы Асем Дәулетованың айтуынша, бұл көрменің басқа көрмелерден ерекшелігі - ірі қара мал арасында өтетін сайыс. Бұл байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар грамоталар мен сыйлықтарға ие болмақ.