ТҮРКІСТАН: Көктемгі дала жұмыстарына дайындық сараланды

0
259

Жалпы таңдаулы 6 сұрыптан 4845 тонна мақта тұқымы әзірленеді.


ТҮРКІСТАН: Көктемгі дала жұмыстарына дайындық сараланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын пысықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларымен бірге көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын пысықтап, мақта шаруашылығын дамыту жоспарын саралады.


Жиын барысында Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов баяндама жасап, егіс құрылымын 28 мың гектарға ұлғайту көзделгенін, нәтижесінде облыста 897 мың гектар жер егіске пайдаланылатынын айтып өтті. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, 2025 жылы мал азықтық дақылдардың үлесі кеміп, есесіне мақта 40 мың гектарға ұлғайтылмақ. Оның ішінде, 58,7 мың гектар мақта жаңа технологиямен бапталады деп күтілуде. Өңірде мақталықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар басталған. Қазіргі таңда нақты 1577 тонна тұқым дайын. Жалпы таңдаулы 6 сұрыптан 4845 тонна мақта тұқымы әзірленеді.


Мәжіліс барысында мақталы аудандардағы шаруашылықтар үшін машина-трактор станцияларын құру мәселесі де қозғалды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында мақта шаруашылығын дамытып, сапалы өнім алуға қажетті техникаларды жаңарту жайы талқыланды.


Облыс әкімінің орынбасары техниканы алу үшін шаруаларға қолайлы шарттар ұсынылуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар жауапты басқармаға ақпараттандыру мен түсіндіру шараларын кеңінен жүргізуді тапсырды.


Аудандарда су үнемдеу технологиясын ендіру бағытында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрысбек Елшібаев осы жылы 226 шаруа қожалығы 2810 гектардан тамшылатып суғару арқылы мол өнім жинағанын жеткізді. 2025 жылы су үнемдеу технологиясын 12 мың гектарға енгізу көзделіп отырғанын баяндады. Мақтаарал ауданы да осы межені ұстанып отыр. Шардара ауданында жаңа технологиямен жұмыс жасауды таңдаған шаруалардың тізімі жасақталып, түсіндіру жұмыстары жүзеге асуда.

Бөлісу