Мобильді оператор өзінің телекоммуникациялық инфрақұрылымын жаппай жаңарту бойынша ауқымды жобаны жалғастыруда.
«КСЕЛЛ» АҚ Түркістан облысындағы базалық станцияларына модернизация жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы «КСЕЛЛ» АҚ Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына жолдаған хатында мәлімдеген.
Мобильді оператор өзінің телекоммуникациялық инфрақұрылымын жаппай жаңарту бойынша ауқымды жобаны жалғастыруда. Яғни, «Кселл» байланыс, және интернет қызметтерінің сапасын, цифрлық сервистердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ, қалалық және ауылдық жерлерде интернетпен қамту аймағын кеңейту үшін базалық станциялар мен басқа да жабдықтарды модернизациядан өткізіп жатыр.
Жаңарту бойынша ең белсенді жұмыс бүгінде елдің оңтүстігінде жүргізілуде. Осы ретте Түркістан қаласында шілде айында компания 3G стандартында жұмыс істеп тұрған 15 базалық станцияны 4G және 5G стандартына дейін жаңартып, модернизациялады. Олардың қатарында, Тәуке хан даңғылы, Абылайхан көшесі, Қожанов, Саттарханов, Жарылқапов, Нұрмаханов, Сандыбай, Ерубаев, Төлеби, Мұңайтпасов көшелері бар.
Түркістан облысында күрделі жұмыстар істелді. 23 базалық станция Құмкент, Қасымбек, Зертас, Аққұм, Қайнарбұлақ, Жаңаауыл, Қарасу, Қарабұлақ, Ленгір, Таскешу, Ұзынарық, Ақсу, Қарабұлақ секілді ауылдарда операторлар базасы жаңаланды.
Компания Түркістан қаласы және облыс бойынша барлық модернизациялық жұмыстардың негізгі бөлігін күзге дейін бітіруді жоспарлап отыр. Алдағы 2 аптада оператор Түркістанда және аудандарда өзінің 20 базалық станциясын жаңаламақ. Олардың қатарында 127 көше, М.Шоқай, Иассы, Исмаилов, секілді көшелерде орналасқан базалық станцияларды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Сауран ауданы, Шаға, Ескі Иқан ауылдарында, Отырар ауданы, «Көксарай» су қоймасы, Мақтаарал ауданы Алғабас, Еңбекші, Минералсу, Атакент ауылдарында базалық станцияларды модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Компания өңір бойынша жыл соңына дейін тағы 77 базалық станцияны жаңалаудан өткізуді көздеп отыр.