Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Түркістанда жаңа фильмнің тұсауы кесілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласында облыстық мәдениет басқармасы «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен «САҚ» киностудиясы түсірген «Түркістан құпиялары» сюжетті-деректі фильмінің тұсауы кесілді. Салтанатты шараға "Нұр Отан" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Г.Советханқызы, «Оңтүстікфильм» мекемесінің басшысы Р.Нарикова, «САҚ» киностудиясының директоры Н.Паттеев, «Түркістан құпиялары» сюжетті-деректі фильмінің режиссері Б.Дәуренбеков, Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тұсаукесердің ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Гүлнұр Советханқызы тарихи тылсымға толы киелі мекеннің құпиялары деректі фильмге арқау болғанын айтты. Сонымен қатар, түсіру тобына ерекше алғысын білдірді.
Келесі сөз кезегін алған "САҚ" киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев: «Түркістан өңірінің сіз бен біз білмейтін тарихи тылсымға толы құпиялары өте көп. Сондықтан «Түркістан құпиялары» фильмінің түсіріліміне тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев арнайы қатысып, кеңесші болды. Фильмнің әр сюжеті құпия. Бәрі белгілі болса онда қызық болмас еді», - деді.
Фильмде бояулар құпиясы, «Тайқазан» құпиясы, Ясауи туралы, бала Ахметтің Арыстанбабтан алған аманат құрмасының сыры секілді тың ақпараттар қамтылған. Түсіру тобы фильмнің әлі де жалғасы бар екенін айтты.
Көрсетілімнен соң "Нұр Отан" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пен фильм режиссері Батырхан Дәуренбеков, дінтанушы, ғалым Досай Кенжетайұлы сөз сөйледі.
Жаңа туынды рухани астананың көпшілікке беймәлім құпияларын қамтып қана қоймай, көрерменнің Түркістанға деген жаңа көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Үш тілде жарық көретін аталмыш фильмнің ұзақтығы - 24 минут. Сценарий авторы – Бақытжан Құлжабаев. Продюссері – Нуриддин Паттеев. Режиссері – Батырхан Дәуренбеков.