ТҮРКІСТАН: Күзде 700-ге жуық азамат әскерге аттанды

0
780

2 мыңнан астам ер адам мерзімді әскери қызметке шақырылады.


ТҮРКІСТАН: Күзде 700-ге жуық азамат әскерге аттанды

Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы әскерге шақыру барысымен Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев танысты.


Ол облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, Кентау қаласының жинақтау пунктінде болып, әскерге шақырылушылардың медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден өту сапасымен танысты.


Сарбаз аналары комитетінің өкілдерімен және Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесу өтті. Бүгінде олар әскерге шақырылушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды іріктеу процесінде туындайтын проблемалық мәселелерді шешу жұмыстарына белсенді түрде араласып келеді.


Әскерге шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен болған әңгімеде Тілеухан Қалилайұлы елді қорғау - әрбір ер адамның қасиетті парызы және міндеті екенін атап өтті.


«Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен, ал біз, олардың ұрпағы, оны қорғауымыз керек. Қызмет сендерді шынықтырады, әрі болашақтағы мансап үшін де тамаша бастама болады», – деді әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев.


Айта кету керек, күзгі әскерге шақыру науқанының жоспары бойынша Түркістан облысынан 18 бен 27 жас аралығындағы 2 мыңнан астам ер адам мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бүгінгі таңда Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне, ҰҚК Шекара қызметіне және Мемлекеттік күзет қызметіне өңірден 700-ге жуық адам жіберілді. Күзгі шақыру науқаны ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.