Бұрындары сұйытылған газ баллондарын пайдаланып келген халық енді қауіпсіз әрі үздіксіз жылу көзіне қол жеткізді.
Мақтаарал ауданында 3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға газ берілді, кеңес өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Мақтаарал ауданы Достық ауылдық округіне қарасты 3 мыңға жуық тұрғыны бар Ж.Қалшораев ауылына табиғи газ берілді. Ауылға көгілдір отынның қосылуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Өңір басшысы ауыл халқына жаңа мүмкіндіктің құтты болуын тілеп, бұл жобаның мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Бұрындары сұйытылған газ баллондарын пайдаланып келген халық енді қауіпсіз әрі үздіксіз жылу көзіне қол жеткізді.
Бұл қыс мезгілінде тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасаумен қатар, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім болмақ. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімдігіне және іске атсалысқан мамандарға алғыстарын айтып, табиғи газдың келуі – ауыл өмірін жаңа арнаға бұратын қуанышты оқиға екенін жеткізді.
Аудан басшысының айтуынша, елді мекендерді газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек. Жалпы 2026 жылы аудан 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілмек.


