​ТҮРКІСТАН: Мақтааралда ат әбзелдерін жасайтын шебер бар

0
2 852

Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының ат баптаушылар, көкпаршылары мен шабандоздарына Атакент кентінде тұратын ат әбзелдерін жасаушы шебер Бақыт Арапқұловтың есімі жақсы таныс. Бақыт шеберге тіптен Шымкент, Алматы мен Талдықорғаннан да келіп тапсырыс берушілер бар. Себебі, олар шебердің бірінші кезекте әр бұйымның сапасына ерекше көңіл бөлетінін жақсы біледі.


​ТҮРКІСТАН: Мақтааралда ат әбзелдерін жасайтын шебер бар

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында әт әбзелдерін үйінде жасайтын шебер тұрады. Аталмыш өнерді кәсіп еткен шеберге бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар келіп жатады екен деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бар ғұмыры аттың үстінде өткен көшпенді ата-бабаларымыз үшін салиқалы көшін салтанатқа бөлеген жылқы малының орны ерекше. «Ерге мінген жігітке – он кісілік күш бітеді» дейтін қазақ жылқы жануарына ерекше күтім жасап, атбегілік өнерімен қоса ат әбзелдерін жасайтын шеберлерге де үлкен құрмет көрсеткен. Бүгінде сол қасиетті өнерді жалғастырушылардың бірі – Атакент кентінде тұрады.

Аталмыш өнерді 25 жылдан бері кәсіп етіп келе жатқан Бақыт Арапқұлов жылқы малының қыр-сырын жан-жақты білетіндігін көрсетті. Сонымен қатар, көкпар аты мен бәйге сәйгүліктеріне арналған әбзелдердің ерекшеліктері мен өзгешеліктеріне тоқталды.

«Бүгінде қазақтың көкпар өнері дамып келеді. Бәйгеге қосатын аттарға да ерекше күтім керек. Оның азығынан бөлек ат әбзелдерінің көз тойдырар көркемдігі аттың сән-салтанатын арттырады. Әрі бұл – ат иелерінің оған қандай ықыласта екендігін көрсетеді. Сондықтан, әр атқа өзіне жарасымды дизайнымен, тоқым, желдігі, терлігі, тартпасы, тұяқтығына дейін өзіне қонымды, шап-шақ етіп жасалады. Аттар жан пәрменімен шапқанда артқы аяғын зақымдап, ақсап, шаба алмай қалуы мүмкін. Тұяқтық, гедрый деген бұйымдар әрі сәнді, әрі сақтық үшін таптырмас құрал» дейді шебер.

Бүгінде ел арасында мерейін өсіріп, табыс көзіне айналған бұл өнерді Бақыт Ташкенттен үйренген екен. Алғашында арқан тоқып бастап, кейіннен ноқта, былғарыдан белдік, өзге де заттарды жасай бастаған. Тіптен, мініп жүрген жеңіл көлігін сатып «Подольский 23-класс» тігін машинасын сатып алған. Содан бері үнемі жаңаша дизайндарды құрастырып, тынымсыз ізденіс үстінде жүретін шебер ат әбзелдерінен бөлек солдаттардың қару-жарақ салатын сауыттарын, белдіктерін жасап келеді.

«Бір аттың үстіне шамамен 300-400 мың, тіпті, барлық жабдығы түгел болсын дейтіндей болса 500-600 мың теңгеге дейін жабдық керек» деген Бақыт шебер өрмеден жасалған таралғы, жүген, ноқтаға сұраныстың көп түсетіндігін жеткізді. Ал, таза былғарыны Ресейден келісім-шартпен арнайы тапсырыспен алады екен. Негізінен ат жабдықтарын жасауға 2 күннен 10 күнге дейін уақыт кетеді екен. Бұл істе шебердің өмірлік жары Роза мен үлкен ұлы көмектеседі.

Бүгінде бұл өнерге қызығушы жастардың аз екендігіне, үйренем деп келсе де бір аптада қиындығына шыдай алмай тастап кететіндерге қынжылысын білдірген шебер алдағы уақытта мемлекеттен жеңілдетілген несие алып кәсібін кеңейту, қолынан іс келетін 5-6 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарымен бөлісті.