Жас та болса көптеген қайырымдылықтарға демеушілік жасап, көзсіз ерлік жасап жүрген жігіт Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Қазақстан Республикасы Ішкі министрі Ерлан Тұрғымбаевтың төсбелгісімен наградталды.
«Батырлар тек соғыста ғана танылады» деген бекер... Батырлық – тек атойлап атқа мініп, жауға шабу емес. Бейбіт заманда да ерліктің білекте емес, жүректе екенін өмірде орын алған оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалап қалған қаһармандар дәлелдеп жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бейбіт заманда да небір ерлік жасалады. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азамат бар қазақта. Олардың ерлігі – елге мұра, ұрпаққа – үлгі.
Ерлігімен елдің ілтипатына бөленген сондай жандардың бірі – мақтааралдық Қанат Мырзахметов. Өзі кәсіпкерлік саласымен айналысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азамат мамырдың басында Өзбекстан Республикасының «Сардоба» су қоймасының жарылуына байланысты болған апатта адам өмірін арашалап алып қалған.
Тасқынның хабары жетісімен бірнеше үрлемелі және маторлы қайықтарды көлікке тиеп, суда қалған жерлестерін құтқаруға жеткен Қанат Маратұлы суда ағып келе жатқан ер азаматты көреді. Еш ойланбастан судан алып шығып, ажалдан құтқарады. Мұнан кейін де баспаналарын су басып, далада қалған отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, санитарлық-гигиеналық қажеттіліктерін жеткізіп беруге атсалысады.
Пандемиямен қатар келген вирусты пневманияның өршіген тұсында да жасанды тыныс алу аппараттары мен індетке шалдыққандарға бірінші кезекте қажетті дәрі-дәрмектерді ауруханаларға жеткізіп беруде де өзі секілді кәсіпкерлермен бірігіп қыруар жұмыстар атқарды. Бертін келе Атакент ауруханасы маңындағы жекеменшігіндегі жерді ауруханаға санавиация қонатын алаңша жасап, сыйға тартты.
Жас та болса көптеген қайырымдылықтарға демеушілік жасап, көзсіз ерлік жасап жүрген жігіттің адами қасиеті жоғары бағаланып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Ішкі министрі Ерлан Тұрғымбаевтың «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен наградталды.
Бауыржан Момышұлының «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады»,-деген сөзі бар.
Соғыс уақытында ғана емес, бейбіт күнде де ерлік көрсетіп, ел тұрғындары мен азаматтарын жұмыс бабында жүріп те, жұмыстан тыс уақытта да әртүрлі өмірлік қиындықтардан құтқарып қалар ерлер аман болсын!