ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары ашық мінберде есеп берді

0
730

Аудан, қала мәслихат төрағаларының қатысуымен апта сайын брифинг өткізу дәстүрін қолға алған.


ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары ашық мінберде есеп берді

Түркістанда мәслихат төрағаларының қатысуымен баспасөз жиыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік органдардың қызметі ашық әрі үнемі қоғамның бақылауында болуы керектігін айтты. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы партиялық тізім бойынша сайланған облыстық мәслихат депутаттарының аудан, қала мәслихат төрағаларының қатысуымен апта сайын брифинг өткізу дәстүрін қолға алған.


Партия филиалының баспасөзбен ықпалдастық алаңында бүгін Төлеби ауданы мәслихатының төрағасы Нұрлан Хамзаұлы Қойбағаров пен Қазығұрт ауданы мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Марат Нұранұлы Нұран масс-медиа өкілдерімен жүздесіп, өздері өкілдік ететін аймақтардағы депутаттық корпустың жұмыс нәтижелерін баяндады, өзекті деген мәселелерге қатысты журналистердің өткір сауалдарына жауап берді.


Төлеби ауданы мәслихатының төрағасы Нұрлан Хамзаұлы биылғы жылы аудандық мәслихаттың бес сессия мәжілісі өтіп, олардың қорытындысымен 47 шешім қабылданғанын жария етті. Ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштеріне тоқтала отырып, жалпы өңірлік өнім көлемі 106,4 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артқанын айтты. Мұндай көрсеткіш жергілікті атқарушы және өкілді мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асқанын атап өткен спикер жалпы өңірлік өнімнің құрылымында табыстың 38 пайызы – ауыл шаруашылығының, 37 пайызы – өнеркәсіптің, 19 пайызы – сауда саласының, 6 пайызы – құрылысқа тиесілі болғанын жеткізді.


Мәслихат депутаттарының қолдауымен ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 102,3 пайызға өсіп, 4,6 млрд. теңгеге жеткен, негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 24 млрд. теңгені құраған.


Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттыруға жасалған қолдау шараларының нәтижесінде ауданның өзіндік кірістерінің көлемі де ұлғайып отыр. Мәселен, биылғы жылдың тоғыз айында ауданның өзіндік кірістері 2,3 млрд. теңгеге жетіп, аймақтың ішкі әлеуетінің серпінді екенін көрсеткен. Жыл соңына дейін іске қосылған ішкі резервтің жиынтығы 3,6 млрд. теңгені құрамақ.


Осы және өзге де жұмыс көрсеткіштерін баяндаған Төлеби ауданының мәслихат төрағасы елді мекендердің инфрақұрылымдық ахуалы, құрылыс жұмыстарының барысы, білім беру ісіндегі маңызды міндеттер, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуде депутаттық корпус көтерген бастамалар жөнінде кең көлемді ақпарат берді.


Есепті мерзімде Қазығұрт ауданы мәслихатының екі кезекті, төрт кезектен тыс сессиясы өтіп, олардың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне сеп болатын 42 шешім қабылданған. Бұл туралы журналистерге Қазығұрт ауданы мәслихаты төрағасының міндетін уақытша атқарушы Марат Нұран мәлім етті.


Мәслихат сессияларында құралған мәселелердің қатарында мәслихаттың атқарған жұмыстарының есебі, аудан бюджетінің, ауылдық округтер бюджеттерінің орындалу көрсеткіштері, Тұрбат, Шанақ ауылдық округ әкімдерінің жұмыс есептері, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жер қатынастары бөлімдерінің жұмыс нәтижелері қаралған.


Атқарушы мемлекеттік органдар есептерінің нәтижесімен аудан мәслихатының құрамында уақытша жұмысшы комиссиялар құрылып, олар атқарылған жұмыстардың көлеміне мәслихат құрамындағы тиісті тұрақты комиссия мүшелерімен бірлесе зерделеу жұмыстарын атқарған. Ауыл әкімдерінің және сала жетекшілерінің есептерін жан-жақты талдап-таразылап, салалық бағыттар бойынша бірқатар нақтылы ұсыныстар мен пікірлер білдіріп, сын-ескертпелер енгізген.


Мәслихат депутаттары сайлаушылар білдірген талап-тілектерді ескере отырып, аудан, ауыл округтерінің бюджеттеріне өзгерістер енгізген. Мәслихат құрамындағы 4 тұрақты комиссиялар мәжілістерінде аумақтардағы өзекті мәселелер, тұрғындар білдірген талап-тілектер тыңдалып, тиісті жұмыстар атқарудың тетіктері айқындалған.


Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аудандарда көтеріліп жатқан мәселелер бойынша сауалдар қойып, жергілікті өкілді органдардың бұл бағыттағы жұмыс басымдықтарымен танысты.


Тау бөктерінде орналасқан Төлеби ауданына күн энергиясын пайдаланып, халықты энергия көзімен қамту жайы да сұралды. Қазығұрт ауданындағы құрамында күміс бар «Көктөбе шипалы суының» насихаталу барысы, карьер жайы, Сынтас аулының атауын өзгерту бойынша аймақта үлкен пікірталас тудырған мәселенің бүгінгі деңгейі де брифинг барысында сөз болды.


Журналистер қойған сауалдардың бірқатары аудандағы тұрақты комиссияда ұсынылатын болды.