ТҮРКІСТАН: Медицина саласының қызметкерлері марапатталды

0
313

600 орта буынды медициналық қызметкерлерге Израиль мемлекетінен 2 білікті тәжірибелі оқытушыны шақырту арқылы көшпенді цикл ұйымдастыру жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Медицина саласының қызметкерлері марапатталды

Түркістан облысында Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Салтанатты жиынға денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.


Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбегімен дараланған мамандарды «Еңбек ардегері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» және алғыс хаттарымен марапаттады.


“Өңірде денсаулық сақтау басқармасына қарасты 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым бар. Барлық медициналық мекемеге – 2 млн 100 мыңға жуық адам тіркелген. 2024 жылы 8 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүрігізу қолға алынып отыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жоба аясында облысымызда биыл 49 медициналық нысаның құрылысы басталды. Сонымен қатар балалар арасында мүгедектіктің алдын алу мақсатында Қапланбек ауылында 600 орындық оңалту орталығы ашылды. Облыс бойынша өзекті мәселердің бірі, кадр тапшылығы және біліктілігі. Аталған мәселе бойынша 2023 жылы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен 60 грант резидентураға берілсе, ал биыл 139 грант бөлініп отыр”, – деді Бейсенбай Тәжібаев.


Облыс бойынша үздік медицина қызметкерлері атанған конкурс жеңімпаздарына да құрмет көрсетіліп, медицина саласының ардагерлеріне сый-сияпат жасалды.


Айта кетейік, өткен жылы 43 бейінді мамандар шетелге оқуға жіберілген болатын. Ал биыл біліктіліктерін арттыруға 32 маман жолданды. Сонымен қатар, 600 орта буынды медициналық қызметкерлерге Израиль мемлекетінен 2 білікті тәжірибелі оқытушыны шақырту арқылы көшпенді цикл ұйымдастыру жоспарланып отыр. Биылдың өзінде мамандардың жоғары кәсіби деңгейлерінің арқасында Түркістан облысының медициналық мекемелерінде күніне 200-ден астам ота жасалады. Бұл еліміз бойынша жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Биыл Түркістан облысында жарты жылдықта 30 млн-ға жуық клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Тұрғындар 300 мыңнан астам жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Сонымен қатар ауылдық жерлерде медицина қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында облысымызда төрт көпбейінді ауданаралық аурухана құру жоспарлануда. Аталған медициналық мекемелерді 2024-2025 жж. стационарлы ангиограф және МРТ аппараттарымен қамтамасыз етіледі.